Қос ауылдық округтің тұрғындарымен кездесті

55 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ерғазы Еспенов Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Қорағаты және Ақбұлақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесуде Ерғазы Жұмабекұлы ау­данда атқарылып жатқан толайым тір­ліктерді баяндады. Жиында Ер­ғазы Еспенов ауыл шаруашылығы, кәсіп­керлік, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық, білім, мәдениет және спорт салаларында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етіп, «Асарлатып үй салу» жобасына ерекше тоқталды.
2022 жылы аталмыш жоба аясында аудан бойынша 13 мұқтаж отбасыға үйдің кілті табысталған болатын. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табады.
Енді Қорағаты ауылдық округіне тоқталсақ. 2023 жылы ауылдық округке 30 млн. теңге қаражат қарастырылып отыр. Атап айтсақ, Қорағаты стансасында 10 келушіге арналған ФАП құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 5,5 млн. теңге, Сейдуалы көшесіне көше жарығын орнатуға 1,3 млн. теңге, осы көшенің жолын жөндеуге 7,1 млн. теңге, сондай-ақ, Құрманғазы көшесіне 8,5, М.Әуезов көшесіне 7,1 млн. теңге қарастырылған. Кездесу барысында қорағатылықтар көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Келесі кезекте дәл осындай кездесу Ақбұлақ ауылдық округінің орталығы болып есептелетін Р.Сәбденов ауылында өтті. Бұл округтің тұрғындары Ерғазы Жұмабекұлына жайылым мәселесіне қатысты көптеген сұрақтар қойды. Оған аудан әкімінің орынбасары заңдық тұрғыдан нақты әрі дәйекті мысалдармен жауап берді.
2023 жылы Ақбұлақ ауылдық округіне 132,3 млн. теңге қаражат қарастырылып отыр. Айталық, Р.Сәбденов ауылына денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын салуға 115,5 млн. теңге, Қызылшаруа және Бәйтелі елді мекендеріндегі су құбыры желілерін жыл бойына жөндеу жұмыстарына 1 млн. теңге, Р.Сәбденов ауылындағы Аққайнар көшесіне жарық орнатуға 3,6 млн. теңге, осы ауылдағы орталық саябақты абаттандыру жұмыстарына 3,1 млн. теңге, Бәйтелі елді мекеніндегі Ш.Оспанов көшесіне жарық орнатуға 2,7 млн. теңге, Қызылшаруа ауылындағы М.Көшкіншиев және У.Мырзалиев көшелеріне жарық орнатуға 2,5 және 2,3 млн. теңге бөлініп отыр.
Бұл ауылдық округте өткен кездесуде де ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелерге заң аясында жауап беріліп, іс-шаралар жоспарына енгізілді.
Жиын соңынан аудан басшысының уақытша міндетін атқарушы Ерғазы Жұмабекұлы ауыл азаматтарын жеке сауалдарымен қабылдады.
М.Диханбай.

Поделиться ссылкой: