Ақылды пост

126 Views

«Жұрттың баласы осы не жеп ақылды болады екен-ей?» деп ойлаймын кейде. Әлеуметтік желіге кірсең, анда-санда алдыңнан бір ақылды жазбалар шыға келетіні бар. Әбден өмір көрген, дүние сырын ұққан, кіл кісідегінің кілтін тапқан жанша көсілгенде көзің жұмылып, аузың ашылып қалады. Соларға еліктеп, сен де бір ақылды бірдеңе жазып қойсам дейсің. Қайда-а-ан… Өзіңе жеткізе алмай жүрген там-тұм ақылыңды өз ақылы асып-төгілген кім керек еткендей..
Өткенде тоқ етері «Ұйқың келген кезде ұйықтап алған дұрыс» дегенге саятын бір пост оқыдым. Астындағы пікірлерге қарасам, жұрт қоғадай жапырылып жатыр:
«Түу, басқа кезде емес, дәл ұйқың келіп түрған кезде ұйықтап алғанның жөн екенін қалай дөп басып тауып айтқансыз?!», «Керемет! Ойпырмай, осындай ой қанша ұйықтап жүрсек те түсімізге бір кірмепті-ау!», «Адам жанына үңіле білер білгір екенсіз, сізге мотивациялық, психологиялық кітап жазу керек!»… т.б.
Осыған дейін ұйқысы келсе де ұйықтамай жүргендей жарыса мақтасып, жамырай қостасып, тоқтар емес.
Таң қалдым. Қызығы-ы-ып кеттім. Сосын ойланып отырып, менде сондай ақылды пост жазбақ болдым. Сөйттім де, тура түнгі 12.00-де «Қарның ашқанда ең абзалы – тамақ ішу», – деп шиыра түйіндеп тастап, ғаламторды өшірдім. Ал енді ұйқым келсеші! «Жұрт керемет ақылды жазбамды қалай қабылдап жатыр екен? Тапқырлығыма таңданып, көрегендігіме сүйініп, стикер мен смайликті, лүпіл мен пікірді қаптатып жатқан шығар?.. Атып тұрып, ғаламторды қайта қосып, қарасам ба екен?» деп шыдай алар емеспін. Бірақ өзімді-өзім ұстадым. Енді таңның атуын тағатсыздана күттім. Тәтті қиялымды тамсана сорып жатып көзім әрең ілінді-ау… Азанда фб-ны ашып қалсам, Құдай басқа салмасын: жұрт түтіп жеуге мені таппай, сенделіп жүр екен! «Қарны ашса да, ашпаса да аузы астан босамайтын ашқарақ неме, бізді өзіңдей көремісің?! Әлде қай кезде тамақ ішетінімізді енді сенен сұраймыз ба ?!», «Елге онсыз да мәлім нәрсені енді түсінген сен сияқты түйсіксіз емеспіз, айналайын!», «Іші шұрылдап әкетіп бара жатқан адам тамақ ішпей тас жей ме?!» десіп, тұс-тұстан төпеп жатыр. Зар күйіне түскен кәнігі пулеметшілердей тіпті бас көтертер емес…
Құрысын. Енді ондай ештеңе жазбаспын. Құдай ақыл дегенді де екінің біріне бере бермейді екен ғой…

Поделиться ссылкой: