«Ауыл аманаты» жобасының өнімдері ұсынылды
Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыруға арналған пилоттық жоба бүгінде «Ауыл аманаты» деп аталады. Бес бағыт бойынша жүзеге асатын баянды бастама алғашында ауданымыздағы Құмарық, Қаракемер және Алғабас елді мекендерінде жүзеге асса, бүгінде Абай ауылдық округіне қарасты Еңбекші және Көкарық ауылдарында тыңғылықты әрі тиянақты түрде жүргізілу үстінде. Айта кетейік, бүгінде абайлықтардың тұрмыс-тіршілігін оңалту үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, аз ғана уақыт ішінде нәтижесі де көріне бастады. Біз оны өткен аптаның сенбісінде аудан орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкеде анық аңғардық.
Аталмыш жәрмеңкеге ауданға қарасты ауылдық округтердің барлығы да қатысты. Кәсіпкерлер өз өнімдерін әкеліп, барлығында саудаға салды. Мәселен, ақниеттіктер бал өнімін әкеліп сатса, ақыртөбеліктер қой еті мен жеміс-жидектерін тұтынушыларға ұсынды. Сондай-ақ, жәрмеңке барысында картоп, сәбіз, пияз, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш секілді көкөністер мен сүт өнімдері де саудаланды. Тіпті, саудагер сөресінде жаз мезгілінде тұрғындар көп тұтынатын қауын мен қарбыз да көп сатылып жатты. Өйткені, бағасы – қолжетімді. Атап айтар болсақ, бал өнімдері – 2000 теңге, қой еті – 2100-2400 теңге аралығында саудаланса, қарбыздың бір келісі 50 теңгеден өткеріліп жатты. Ал, картоп – 130, сәбіз – 210, пияз – 90, тәтті бұрыш – 170 теңгеден сатылды. Сүт өнімдері болса, 230 теңгеден үлестірілді.
Жәрмеңкеде «Ақтоған» шаруа қожалығының макарон өнімдері мен Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны ұсынған ерекше айран өнімі де саудаға салынды. Айта кетейік, аудан орталығында өткен жәрмеңкеде тек ауылшаруашылығы өнімдері ғана емес, төмен бағада мектепке қажетті құрал-жабдықтарда сатылды.
Бір байқағанымыз, жәрмеңкеде «Ауыл аманаты» жобасы аясында ұсынылған абайлықтардың тауарлары тез өткеріліп жатты. Сатып алушылардың таңдауы неге осы өнімдерге түскенін сұрау үшін тілдесіп көріп едік, олар «Өйткені, табиғи – таза өнім» деген қысқа жауап қайтарды. Бұл нені білдіреді? Бұл – жобаның өміршеңдігін, мемлекеттік саясаттың дұрыс бағытта жүргізіліп жатқандығын анық аңғартады.
Жәнібек СҰЛТАН.