“Ауыл аманаты” жобасының орындалу барысы талқыланды

163 Views

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Айта кетейік, ағымдағы жылы 24 млрд. теңгеге 10 ауданнан 26 округ қаржыландыруға ұсынылған. Бұл округтердегі 13157 аулада жалпы 69 514 адам тұрады.
Ал, жалпы халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында 2019 жылы бастау алған жобаның 5 бағытын қаржыландыруға республикалық бюджеттен бөлінген жалпы қаражаттың 30 пайыздан астамы Жамбыл облысына тиесілі.
Атап айтқанда, 2019-2023 жылдары 42,3 млрд. теңге бөлініп, 50 ауылдық округте 11 мыңға жуық адам өз кәсіптерін бастаған.
Басқосуда облыс әкіміне ағым­да­ғы жылы қаржыландыруы тиіс округ­тердегі өтінімдердің қабылдануы және қаржыландырылуы бойынша шара­лардың барысы баяндалды.
Аймақ басшысы көрсеткіші төмен аудан әкімдерінен жауаптар алып, сылбыр жұмыстарды сынға алды.
Ауылдықтардың әл-ауқатын арт­ты­ру, тұрмыстық табысын жақсар­туға бағытталған игі жобаның ма­ңыз­дылығын баса айтқан Нұржан Нұржігітов, құжаттарды рәсімдеуде еш­қандай кедергі болмау керектігін атап өтті.
Барлық ауылдық округтерде ағын су мәселесін реттеу, ұңғымалар қазу, коопера­тивтердің жұмысын жүйелей отырып, күшейту, техника алып беру, кешенді түрде әлеуметтік игіліктермен қамту секілді жұмыстар да назардан тыс қалмау керектігін тағы да ескертті.
– Жоба бойынша барлық жұмыстар са­палы әрі нәтижелі жүзеге асуы тиіс. Бөлінген қаржыны мақсатты игеру ша­раларын жүргізе алмай отырғандар үшін қабылданатын шара жеңіл болмайды. Талап күшейген сайын, жауапкершілікті де арттыра береміз. Қатаң бақылау болмаса, нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.
Бұл ретте ауыл әкімдері мен аудан басшылықтарына көп міндет жүктеледі. Халықпен түсіндіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуы керек, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы жо­баға енген округтерге жан-жақты тал­дау, жаңадан тіркеліп жатқан кәсіп­керліктерге зерделеу жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Жиында алдағы уақытта жоба ая­сында өндірілген өнімдерді облыстағы әлеу­меттік мекемелерге өткеру, Тараз қала­сындағы коммуналдық базардан әр ауданға орын бөлу мәселелері де талқы­ланды.

Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: