«Акция» деп қимасынан қағылды (Фельетон)

96 Views

Бұл акция бұрынғы акциялардан өзгерек болды. Құлан ауылының тұрғындарына жаңалық болған акция елді елеңдетпей қоймады. Бұл қандай «акция» деп отырған шығарсыздар? Иә, қағыс естіген жоқсыз. «Тегін сүндетке отырғызу» акциясы.
«Үштен төртке шыққан баламды мұ­сыл­мандық жолмен сүндетке отыр­ғызамын» деп жүргенімді естіген бір жолдасым бүгінгі жаңалықты жерден жеті қоян тапқандай хабарламасы бар ма?! Алғашында тосын жаңалыққа тосырқап қараған мен онша қызы­ғушылық таныта қоймадым. Екінші телефон шалғанында:
– Бара салсашы, сенің ешкім тоныңды шешіп алайын деп жатқан жоқ қой, – деген сөзінен кейін үйдегі әкесімен хабарластым. Ал ол болса:
– Жұмыстан шыға алмаймын өзің ыңғайлы жағын реттейсің ғой, – деп өзіме бар міндетті арта салды. Сонымен не керек, балама «бүжәй» болып көрінетін көкесін ертіп, «акция қайдасың?» деп аяңдап келеміз.
Ойында дәнеңе жоқ балам мәз. Жолай тоқтатқан такси жүргізушісіне Алматыға барамыз деп қояды. Біз де баланың сөзін қоштап:
– Бізді Алматыға жеткізіп тастаңыз, – деп көзді қысып қойдық. Суыт жүрісімізді сезген әккі такси жүргізушісі де жандырып:
– Міне, Ұзынағаштан да өттік, – деп қояды. Аудандық аурухананың алдына кілт тоқтап:
– Алматыға қош келдіңіздер! – деді қулана. Ығы- жығы халықтың арасынан ары өтіп, діттеген жерімізге де жеттік. Балалардың көзін алдаған тәттілер, ойыншықтар кішкентай балаларға мерекелік күнді естеріне салғандай. Дәлізде отырған медбикенің тізіміне жазылу үшін аяңдап алдына келдік. Қарасақ, сүндетке отыру үшін кезекте тұрған бала санында есеп жоқ. Құдды бір бүгінгі акция болмаса, балалары сүндетке отырмай қалатындай. Содан не керек, біз де жан-жағымызды зерттеп, халық қарасын көбейтіп біраз тұрдық.
Періште көңіл балапаным, ақ халатты кісілердің суық қарасынан қаймығып, өзінің еш жері ауырмайтынын айтып ақталуда. Көзге оғаш көрінген көрі­ністен қашудың амалын да ойлап қойған тәрізді.
– Анашым, біз екеуіміз кете бе­рейік. Көкем қалсын осы жерде, – деп жо­марттық танытқандай болды.
Баласын жетектеген бір апа:
– Мына акция біздің бағымызға тимейтін сияқты. «Шешінген судан тайынбас» – деп, енді неде болса ойға алған ісімізді тындырып қайтайық, – деді. Бұл сөзге біз де келісе кеттік. Апамыз ішке кіріп, бүгінгі акцияны алға тартып, балаларымызды арзандау бағаға отырғызып беруін сұрады. Дәрігер де саудаласқан жоқ, меселімізді қайтармай мәмілеге тез-ақ келді. Бірінші беске келген жігітімізді жетектеп кете барды. Ол байғұсым ұяң екен. Түкті түсінбей, дәу қара дәрігердің соңынан қалмай кетіп барады. Ал біз болсақ, іштей «не болар екен» деп уайым жетегінде отырмыз.
Аурухана – бірнеше адамның тағ­ды­рымен күресетін сауықтыру алаңы. Онда әр қилы жағдайда түскен науқас адамдар жандарына сауға тілеуде. Кезегімізді күтіп отырған біздерді арбаға таңылған бір әжеміздің әңгімесі еріксіз баурады. Дерті әбден меңдеген-ау, сірә? Жүзінде аурудан әбден қалжыраған белгі білінеді.
– Кеше түсімде аталарым маған аян берді. «Сен мұнда неге келдің? Саған мұнда келу әлі ерте. Бес-алты жылдан кейін келесің. Әзірге келген ізіңмен кері қайт» – деп жатыр екен. Мен түсімнен шошып оянып, тілімді кәлимаға келтіріп, іштей дұға айта бастадым. Содан кейін денемді басқан ауырлықтан айығып, жеңілдегендей болдым,– деп қарт әжеміз өзінің қазіргі халін баяндады.
Иә, Құдайдың құдіреті шебер ғой. Біз, пенделер, дүниенің қызығына алда­нып, Алланың ұлылығын ұмы­тып жатамыз. Тек маңдайымыз тас­қа тигенде ғана мойындап, опық жей­тініміз бар. Аңдаусызда естіген бұл әңгі­меден есеңгіреп отырғанымызда, арғы есіктен аңырап балам шықты.
Содан не керек, «ұлымызды сұлулатып» үйге оралдық. Дәрінің қуаты кете бастады ма қыңқылы көбейе берді. Біз сол ханзадамыздың асты-үстіне түсіп, ауырған жеріне «ақша» себумен әлекпіз. Әркімнің берген ақшасынан қуат алған балам, қимасын жоғалтқанына қысылар емес. Біз де ұлымыздың ес жия бастағанына қуанып жатырмыз. Бұл да мұсылманның бір міндеті ғой. Баламыздың басы аман, қадамы құтты болғай деп тілеймін.

Базаркүл Тоқтағанова,
Луговой ауылының тұрғыны.

Поделиться ссылкой: