Дүниеге беріліп кетпегін!

171 Views

Адам баласының іс-әрекеті өте қызық. Еш нәрсеге разы болмайды. Былай қарасаң, ыстыққа да суыққа да көніп жатады. Тұрмыстық жағдайы сәл төмендесе жабырқап, әл-ауқаты жақсарса, еңсесі едәуір көтеріліп те қалады. Ежелден кедейлер мақталады. Өйткені адамдар кембағалдарды жақсы көруге міндеттелген. Алла үшін ең жақсы адамдар «кедей-кепшіктер» делінген. Кедейшілік Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) басынан да өткен еді.
Енді біз кембағал санайтын кісінің өміріне бір назар салып көрелік.Отағасы таңнан кешке дейін бір сәтке де тыным таппай еңбек етеді, әйелі мен балалары да оған көмектеседі. Әр жағдайларын өзара түсіністікпен қарайды. Ағасының киімін інісі киеді, үлкенінің оқу құралдары кішісіне қалып, кешегі ауқатты бүгін ысытып жейді. Материалдық жағдайында бір қалыптылық жоқ. Тапқан қаражат тамаққа жетсе киімге жетпейді, киімге жетсе оқу ақысы үшін біреуге қарыздануға тура келеді. Ақырында аздап болса да өзіне-өзі налығандай сыңай танытып: «Қандай күнәміз үшін біз кедей болып жаралдық екен, пәленше көршімізден қай жеріміз кем? Ол да еңбектенеді, мен де тынымсыз еңбек етемін, оның заңғар үй-жайын, көлігін айтпай-ақ қояйын, осы ма әділеттілік?!»
Мәселе мынада екен. Бай болған жақсы ма немесе кедейлік пе? Біреу: «Байлыққа не жетсін, сөзің жарқын, мәртебең өз жайында, барша жұрт сені құрмет қылады, қалаған нәрсеңе қол жеткізе аласың, Құдайға да, адамға да жақсы көрінесің» деп, мәслихат береді. Және бір басқасы байлық өмірді емес, қарапайым өмірді мақтайды: Бай адам ешқашан екі нан жей алмаған, екі костюм кие алмаған, байлығын күзетумен өмірі өтеді.
Кедейлерде мұндай уайымдар жоқ, бұйырған асына тісі тиіп, рахаттана ұйықтайды.Қош делік, сон­да қайсы­сының пікірі ақылға сыйымды? Бұл өмірде бай болған дұрыс па, әлде кедейлікке көніп кешкен күндері абзал ма? Батыстың ғалымдары барлық істерде мал-дүниені бірінші орынға қойып жатады. Қайткен күнде де сенің бай болуыңды талап етеді. Кітап, газет-журналдары мен киноларында байлыққа жетудің мақсаттарын көрсетіп жатады. Оның дәлелі осы жайында бірде Еуропаның бір астанасында өткен сараптамада (пікірлерін білу) халықтың 64 пайызы адам бақытты ғұмыр кешу үшін бай болу керектігін айтса, 8 пайызы ғана адам баласы бақытқа қол жеткізу үшін өзгелерге пайдасының көп тию екендігін айтқан екен. Бұған қарсы жауап ретінде шығыс ғалымдары адам бақытқа кенелу үшін ең әуелі адал нәрсемен қоректенуді, ахлағын (көркем мінез) дұрыстауды алдыңғы кезекке қойған екен. Байлық деген адам баласына берілген сынақ, үлкен емтихан іспеттес болған бір нығмет деп түсінуіміз керек. Ислам ғалымдары мен данышпандары өз қауымын байлыққа жүрекпен берілу жолында болатындай етіп ешбірін қызықтырмаған. Керісінше, егер пенде байлыққа кенелген болса, оны өзінің тиісті орындарына (садақа, зекет, көмек, жақсылық жасау т.б.) жұмсауға шақырып, жомарттықтың қасиеттілігін насихаттайды. Жағдайы төмен жандарды барға қанағат жасау жолына, пенде ризықсыз қалдырылмас сеніміне үндейді.
Көптің есінде де болар, кезінде Америкада Хьюз деген бір миллиардер өткен. «Авиатор» фильмі осы адам жайында түсірілген. Хьюз қай мемлекетке барса да оны құрметпен қарсы алып, оған өте қымбат қонақ үйлер дайындап, асты-үстіне түсіп жатады екен. Хьюз барған жерлерінде сол жердің адамдарын да, тіпті қонақ үй қызметкерлерін де таң қалдырып жатады екен. Өзіне дайындалған жұп-жұмсақ төсектерді сырып тастап, еденге газет төсеп ұйықтайды екен. Дайындалған түрлі дәмдерден бас тартып, тек нан мен су ғана келтіруін сұрайды екен. Бұл да бір еріккеннің қылығы демеңіз! Алла Тағала Хьюске соншама байлықты беріп қойғанымен, оның миына да саналы түсінік салып қойған екен. «Барлық нәрселерде ауру келтіруші бар» екені себепті өзін сақтандырамын деген уайымдар мен қорқыныштардың нәтижесінде бұл миллиардер өмірінің соңына дейін осылай өмір сүріп, ақырында бар жиғаны мұрагерлеріне қалды.
Күндердің бір күнінде Мысырдың бір дәулетті байы өзінің зәулім үйінің терезесінен сыртқа қарап тұрып: «Мен бір нәрсеге түсіне алмаймын, ішіне шаң кіре алмайтын үйде тұрамын, ең таза, керемет деген тағамдар мен жемістерді жеймін, бірақ сонда да басымның ауырғаны еш кетпейді. Анау шаң-тозаң ішінде тамақтанып, лай судан су ішіп жүрген қарапайым диқаншының бойында бірде-бір сырқат жоқ, ауырмайды да!»,- деген екен.
Мақаламызда байды немесе кедейді мақтау, дәріптеу емес, ниетіміз тек әр адам өзінің пешенесіндегі тұрған нығметтерді дін шариғаты арқылы реттесе деген мақсат болды. Әр заманның, әр жердің, әр уақыттың өз бай мен кедейлері болатындығы заңдылық. Әйтеуір аталмыш қос нәрсенің есебі тек Жаратушымыздың ғана алдында болатындығын естен шығармасақ болғаны. Әңгімемізді көрнекті ғалым Шақиқ Бәлһидің мына бір айтқан сөзімен түйіндегенді жөн көріп отырмыз, ол кісі айтады: «Дүниеге беріліп кетпегін! Саған жазылған ризық сенен өзгеге өтіп кетпейді!».

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: