Әкем, анам және мен

98 Views

Тұрар Рысқұлов аудандық білім бөліміне қарасты «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері ерекше білімге қажеттілігі бар балалар арасында көптеген спорттық шараларды ұйымдастырып жүр. Оған өзіміз де куәміз. Олар жақында тағы да сондай бір бастамаға себепші болып, «Әкем, анам және мен» деген тақырыпта отбасылық ойын жарысын өткізді. Бұл спорттық іс-шараның өтуіне «Аманат» партиясының аудандық филиалы да мұрындық болды. Ойын басталмай тұрып, Інжу Байқұт пен Аяжан Оразбекқызы өз өнерлерін көрсетіп, жиналған көпшіліктің ыстық ықыласына кенелді. Содан соң жарыс басталды.
«Кім жылдам?», «Қаппен секіру», «Кеглиді соқ», «Секіргішпен секіру», «Епті қолдар» және «Тунельден өту» сынды спорттық сайыстардан тұратын іс-шараға 6 отбасы қатысты. Олар: Сатыбалды, Бекқали, Жолдасбек, Асқар, Төлеген және Мырзабай отбасылары. Жарыс қорытындысы бойынша Мырзабай, Бекқали, Жолдасбек отбасылары жүлделі үшінші орынға ие болса, жүлделі екінші орын Азатов және Төлеген отбасыларының қанжығасына бұйырды. Ал, әділқазы алқасының шешімімен жүлделі бірінші орынға Сатыбалды отбасы ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: