Ардагерлер Тұран астанасын түгелдей аралады
«Түркістан – ер түріктің бесігі ғой». Мағжан Жұмабаевтың өлеңіндегі осы бір теңеу Түркістан қаласының мәртебесін асырып тұрғандай көрінеді. Иә, рас бұрнағы жылдары Түркістан басқаша болатын. Қазір басқаша кейіпте. Оны мұқым қазақ жақсы біледі. Жыл өткен сайын Түркістанның да келбеті жаңарып, көркейіп келеді. Заманында Мағжан ақын текке айтпапты.
Жақында «Ардагерлерді қолдауға бағытталған кешенді іс-шаралар өткізу» тақырыбындағы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ауданымыздың 85 жылдық мерейтойына орай аудан әкімі Ернар Есіркеповтің қолдауымен 50 ардагер қасиетті Түркістан қаласына арнайы туристік сапармен барып қайтты.
«Қартын сыйлаған елде қасиет бар» деген біздің қазақ. Қазақтан басқа кім айтсын бұндай сөзді?! Осы орайда, Түркістанға барып, киелі жердің ауасымен тыныстап келген қариялар аудан әкімі Ернар Серікәліұлына дән риза екендіктерін айтады.
–– Біз әрқашан береке мен ынтамақты ту еткен елміз. Менің әрқашан айтатыным да сол, елде тек қана тыныштық заман болса екен. Тыныштық болса, біз барлық белестерді бағындырамыз. Киелі Түркістанға 50 қария бардық. Тек аудан орталығынан ғана емес, әр ауылдық округтен де қариялар барды. Ардагерлерін ардақтай білген аудан әкімі Ернар Есіркеповке зор алғысымызды білдіреміз. Аудандық бюджеттен қаражат бөліп, бізге өзінің құрметін көрсетті. Ернар Серікәліұлы секілді іскер азамат өңір тізгінін ұстап отырған сәтте ауданымыздың мерейі әрқашан үстем болады деген ойдамын,-дейді аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов.
«Құлан таңы» ақпарат.