Жамбылдық шаруалар елордадағы жәрмеңкеге 300 тоннаға жуық өнім әкелді

154 Views

Астана қаласында Жамбыл облысы тауар өндіру­шілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәр­меңкесі өтуде. Екі күнге жоспарланған (9-10 қыр­күйек күндері) шарада түрлі өнімдер нарық­тағы бағадан 10-20 пайызға төмен өткерілуде.
Жәрмеңке Астана қаласы Тәуелсіз­дік даңғылы №50, Шабыт сарайының алаңында ұйымдастырылған. Мұнда Тараз қаласы мен облыс­тың 10 ауданы және 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табы­сын жақсарту» пилоттық жобасы аясында құрыл­ған ауыл шаруашылығы тауар өндіруші коопера­тивтері мен өз кәсібін ашқан жеке кәсіп­керлер 168,6 млн. Теңгені құрайтын 298,8 тонна ауыл шаруашылығы өнімін әкелген.
Атап айтқанда, 33 тонна ет өнімдері (жылқы, сиыр, қой еті), 3,2 тонна тауық еті, 4,0 тонна шұжық өнімдері, 14,0 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 1,0 тонна кондитерлік өнімдер, 3,4 тонна макарон өнімдері, 10,0 тонна балық, 5,0 тонна бал, 208 тоннадан астам көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімдері бар.
Жәрмеңкеге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, тауарлардың түрлері және бағасын бақылады.
Жәрмеңке барысында жергілікті тұрғындар үшін ұйымдастырылған Жамбыл аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: