Қысқы мал азығын өрттен қорғау – ортақ міндет

154 Views

Аудан және ауыл тұрғындары жаз басталысымен-ақ, күз айына дейін малдың қыстық жем-шөбін дайындау үшін білек сыбана еңбек етеді. Ең өкініштісі сол, көп күнгі еңбегіңді, қомақты қаражатыңды санаулы минуттарда тілсіз жау орап, бір сәтте күлге айналдыруы әбден мүмкін.
Тұрғындардың отты абайсыз қолдануы және балалардың отпен ойнауы, қыстық мал азығының жойылуымен қатар, адам өміріне, жиналған шөп жақын тұрған үй-жайлар мен қораға және басқа да құрылыстарға үлкен қауіп әкеледі. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағында қысқа дайындалған мал азығының өртенуі бойынша 12 оқиға орын алды. Қыс мезгіліне арналып жиналған 45000 түк шөп өртке оранып, толығымен жойылып кетті.
Тілсіз жау ешқашан айтып келмейді. Сондықтан одан әрқашанда сақтанып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Мұндай оқиғалар жылдың әр мезгілінде болуы бек мүмкін. Сол үшін де кез келген адам өзі үшін сақтық шараларын қолға алып отыруға міндетті. Мәселен, атап айтар болсақ:
– Қора-қопсыны тазалау кезінде от жағып, қадағалаусыз қалдырмау керек;
– Тұрғын үй ауласында тазалық жұмыстарын жүргізу барысында отқа абай болу керек;
– Шегілген темекінің шоғын әрдайым сөндіріп тастау қажет.
Тұрғын үй учаскелерінде шөптерді жинау кезінде ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ:
– Қоралардың шатырларына және басқа шаруашылық құрылыстарына жинауға;
– электр жеткізу желілерінің астына жинауға;
– учаскенің сыртқы қоршауынан кемінде 3 метр қашықтықта болуы шарт;
Өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамай, өрттің туындауына себепкер болған тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес, (Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу немесе орындамау) әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылған.
Құрметті тұрғындар! Аталмыш ақпараттық мақалада айтылып отырған ескертпелер мен мысалдар жанұяларыңыздың және сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін екендігін ескертеміз. Сондықтан біз сіздерді өрт қауіпсіздігі ережелерінің барлық талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз.

Аудандық Төтенше жағдайлар
және №10 өрт сөндіру бөлімі.

Поделиться ссылкой: