Үлкен ауылдың маңызды мәселелері қандай?
Луговой ауылы – аудан орталығының солтүстік беткейінде орналасқан елді мекен. Аудандағы халық саны бойынша Құлан ауылынан кейінгі тізімде тұрған екінші ауыл. Шамамен ауылда 2000-нан астам аула бар. Қазіргі таңда екі үйдің бірінде автокөлік бар екенін ескерсек, ауылда кем дегенде 1000-нан астам жеңіл және ауыр жүк көліктері бар деп топшылауға болады. Бұл тізімге теміржолға қарасты көліктерді тағы да қосыңыз. Ол аз десеңіз, вокзалға келіп кетуші және ауыл аумағында орналасқан Луговой әскери гарнизон қарамағындағы автокөліктер тағы бар. Бәрін айт та, бірін айт, әйтеуір, Есімов пен Құрымбаев атындағы орталық көшелер көліктерден бір сәтке болса да арылмай жатады.
Тіпті, кейде Қорағаты, Ақбұлақ ауылдық округіне апаратын теміржол өткелі жабылғанда, ауылда кәдімгі қаладағыдай көлік кептелісі де орын алады. Әрине, бұл – ауыл тұрғындары үшін қолайсыздық туғызатыны айтпаса да белгілі. Қысқасы дәл осындай келеңсіздіктердің орын алуына әсер ететін басты фактор – ауыр жүк көліктерінің ауыл арасымен өтуі.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» – халықаралық транзиттік автожолы, өткен ғасырлық Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы. Бұл транзит дәлізін алғаш салу идеясы 2008 жылы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының алғашқы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында бекітілген болатын. Қазақстандағы Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының аумақтарын қамтыған бұл үлкен жол Құлан ауылының солтүстік жағымен де жүргізілген. Бүгінде аталмыш күре жолмен ауыр жүк тиеген автокөліктер тынымсыз жүріп өтуде. Дегенмен, кейбір жүк көлігін тізгіндеген жүргізушілер «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәліз бағытын өзгертіп, елордамыз Астана қаласына бару үшін Луговой ауылын көлденең кесіп өтуде. Оған басты себеп – Меркі ауданының аумағында орналасқан жүк салмағын өлшейтін құралдың бар болуы.
Жергілікті атқарушы билік бұл мәселені қанша назарда ұстаса да, осы күнге дейін шешімін таба алмай келеді. Өткен аптаның жұмасында Луговой әкімшілігінің мәжіліс залында осы олқылыққа байланысты ауқымды жиын өтті. Оған аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған бірқатар бөлім басшылары, ауыл әкімі Мұратбек Сванов, теміржол мекемелерінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, аталмыш жиынға облыстық көлік прокуроры Аслан Әбішұлы Әбілдаев бастаған басқарма және мекеме басшылары қатысып, бірқатар проблемалардың шешу жолдарын қарастырды.
Күн тәртібінде өткелге көпір салу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, электр жарығының тариф бағасын екі есеге арзандату, орталық көше жолдарын кеңейту мәселелері қаралды. Нәтижесінде жауапты мамандар барлық қозғалған түйткілдерді өз деңгейінде орындауға, қосымша пікір алмасып, ортақ оң шешім қабылдауға уағдаласты.
Жиында ауыл әкімі Мұратбек Айтымбетұлы оябы бөлек баяндама жасап, бірқатар маңызды мәселелердің шетін шығарып, ортақ талқыға салды. Соның ішіндегі ең өзектісі – ауыр жүк көліктерінің ауыл арасымен өтуі. Шыны керек, былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен «Луговой – Қорағаты» бағытындағы облыстық мәндегі жол биыл бүліне бастаған. Аудан әкімі мемлекет қаражатын бұлай ауаға шашуға болмайтынын айтып, бірлесе ортақ шешім табу керектігін айтты. Жауапты мамандар ақылдаса келе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Луговойға бұрылатын бөлігіне тиісті жол белгісін қою керектігін және аталмыш ауылдағы жауапты учаскелік инспекторлардың жұмысын жаңаша жандандыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, ара-тұра ауыл аумағында облыстық көліктік бақылау инспекциясы өз құзыретінде жұмыс істеу керектігі айтылды.
Жәнібек СҰЛТАН.