Сөз түзелсе, адам түзеледі

160 Views

Сөз түзелсе, жүрек түзеледі. Жүрек түзелсе, иман түзеледі. Иман түзелсе, дінің түзелер. Дінің түзелсе, өмірің түзеледі…
Жаратушымыз адамдарға сөйлеу нығметін беріп қойған. Данышпандар айтқан екен: «Адам мал-дүниесімен жақсылық жасамақшы болса, байлығы бір күнде таусылып қалуы мүмкін. Алайда, адамда бір таусылмас қазына бар, қанша жерден жұмсаған сайын еш таусылмайды. Ол – шырын сөз».
Біздер ауыздан шыққан әр­бір сөз­іміз үшін жауаптымыз. Кезінде тақуалығы­мен аты шыққан Баязид Бистәми Алланы зікір етерден алдында «Дүние сөздерін біраз сөйлеген едім», – деп аузын үш рет шайып барып ғана зікірін тол­тыратын болған екен. Адамдар арасын­да, мейлі қоғамда болсын, түр­лі келеңсіз жағдайлар өз орнын тап­паған сөздер нәтижесінде орын алары сөзсіз. Алла Тағала Құранда Исра сүресінің 53-ші аятында: «Пенделеріме айтқын, көркем сөз сөйлесін. Өйткені шайтан олардың арасына бұзақылық жасайды», – деген екен. Осы бір аятта Жаратушымыз мұсылмандарды өзара қарым-қатынастарында тәтті тіл, яғни дұрыс сөздер сөйлеуді бұйыруда. Әрі ондай адамдардың достары да көп болады.
Тіл адамның ең кіші ағ­засы болғаны­мен, үлкен уәзипаға ие мүше болып табылады. Әрі жүрекке де жақын, яғни екеуінің байланысының нәтижесінен ауыздан дұрыс сөз шығады екен. Өйткені өсек, ғайбат айту, өтірік айту, мақтану мен шағымдану секілді басқа түрлі жамандықтың баршасы осы тіл арқылы орын алады. Сол үшін де Пайғамбарымыз с.ғ.с.тілді жаман сөздерден тию жайында бұйырып: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, тек жақсы сөз­дер­ді ғана сөйлесін, я болмаса үндемесін» деген. Демек, адамның сөзі мен іс-амалы бір болуы, бір жерден шығуы тиіс. Перзенттерімізді шынайы мүмін, иманды етіп тәрбиелеу жолында, оларға дұрыс сөз сөйлеудің де шарттарын түсін­дір­геніміз абзал. Тіл деген қала­ған тарапына қарай бұрмалана береді. Өйткені тілде сүйек жоқ. Тілдің әсерінен небір жүректер қуанышқа, нұрға толуы мүмкін я болмаса небір көңілдер төмен түсіп, ойранға айналуы мүмкін.
Ертеректе бір патша түс көріпті. Түсінде барлық тістері түсіп қалыпты. Ұйқыдан тұрған соң жанындағы екі уәзірін шақырып алып, көрген түсін айтып, жорып берулерін бұйырыпты. Жорығанда да тек шындық жағымен жорың­дар депті. Уәзірінің бірі: «Хан Ием! Бұл жақсылықтың бел­гісі емес, барлық туған-туыстарыңыз, жақын­дарыңыз түгелдей қайтыс болады, ал сіз жалғыз өзіңіз ғана аман қаласыз!», – депті. Патшаның бұл жауапқа қатты ашуы келіп, уәзірін зынданға тастатыпты. Екінші уәзірі: «Уа, Патшам! Бұл түсіңіз сізге көптеген жақсылықтар әкеледі деп ойлаймын. Жақын туыстарыңыздың ішінде Алла сізге ең көп ғұмыр береді. Ұзақ ғұмырыңыз құтты да берекелі болсын!», – депті. Бұл жауапқа разы болған патша қатты қуанып, уәзіріне сый-құрмет жасап, еш азап бермепті. Байқағанымыздай, бір мағыналы сөзді екі түрлі жолмен жеткізіп тұрған екі уәзірдің біреуі терең сөзден ұзақтау, сөйлегенде де әдеппен жеткізе алмауының салдарынан азапқа душар болуда. Ал екіншісі айтар сөзін дұрыс жеткізгеннің нәтижесінде игілікке кенелді. Сөз дұрыс болса, қоғам да, жұрт та тыныш болатынына осы бір хикая мысал болғандай әсер қалдыруда. Адам баласы қандай да бір сөз айтатын болса, әркез асықпастан, даналықпен, әдеппен сөйлегені абзал. Тек жақсы сөз сөйлеу Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті болып табылады. Кезінде үнемі көркем сөз сөйлеуді әдетке айналдырған Ибн Аббас р.ғ. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мақтау да алған екен.
Мына бір жайтты да айта кеткім келеді, кейбір жас бауырларымыз қартайған өз әке-шешелерін «кемпір», «шал», «шалды шәйға шақыр», «кемпірдің зейнета­қысын ала келіңдерші», деп ай­тып жатқандарына куә болып жатамыз. Өміріміздің жән­­наты, үйіміз­дің жауһары, мейірбан болған әкелерімізбен аналарымыз қартайғанда «кемпір» «шал» бола қалғаны ма деген үлкен ойға кенелесің.
Айша р.ғ. анамыз айтады: «Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) анық, әрі байыппен сөйлейтін еді, егер Оның (с.ғ.с.) сөйлеген әрбір сөз­дерін санамақшы болсаңыздар, санына жеткен болар едіңіздер» дейді.
Кейбір хадистерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдардың ақылдарына (деңгейлеріне) және сауаттарына (білімдеріне) қарап сөйлескендігі жайлы да айтылады. Оған дәлел, Абдуллаһ ибн Масғұдтан р.ғ. келген мына бір риуаяттан байқауға болады. «Сен қандай да бір қауымның ақылына сыймайтын сөзді айтатын болсаң, ол сөз олардың кейбіреулері үшін бүлікке апарады», – деген екен. (Дәйлами)
Жақсы сөз – жан азығы. Адамның жүрегі таза болатын болса, оның тілінен де жақсы сөз шығады. Әр адамның сөйлеген сөзіне қарап оның қандай адам екендігін байқауымызға болады. Бұл жайында хадисте: «Адамның сөзі дұрыс болмаса, иманы дұрыс болмайды», – дейді. (Имам Ахмад риуаяты).
Мұсылман адам әрбір айтқан сөзін аңдап, байқап айтуы тиіс. Өйткені әр сөзі үшін жауапты әрі жазулы. Бұл жайында Қасиетті Құранның «Қаф» сүресінде: «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы (періште) дайын», – делінген.
Бұл өмірде ешбір адамға сөзімізбен де, қолымызбен де еш зиянымыз тимеуі керек. Хадистердің бірінде: «Мұсылман адам сол, өзгелерге тілімен де, қолымен де еш зарарын тигізбегендер» – делінеді. Бұл хадистен аңғаратынымыз, әуелі тіл, сосын қол келтіруде. Демек, қолға қарағанда, тілдің азабы басымдырақ екендігін байқауымызға болады екен. Тіл тиылмағанның нәтижесінде қол да әрекетке түсетіндігін айтуда. Сол үшін де тілімізге өте сақ болайық, тек пайдалы сөз айтумен шұғылданайық!

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: