Даламның иісі бұрқырап, Қарттарым, аман, сау жүрші!
Ақын Сағи Жиенбаевтың:
– Дүниеге келер бір рет,
Дария кеуде, тау мүсін.
Құрыштан құйған құдірет,
Қарттарым, аман-саумысың!, – деп басталатын өлеңі естеріңізде болар. Иә, «Қарты бар елдің қазынасы бар» дегенді де біздің қазақ айтқан ғой. Бізден басқа кім айта алады оны. Осы сөздердің өзі-ақ, заманында тау-тас, ыстық-суық демей, еңбектерімен еленген, бүгінде ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің көз қуанышы болып отырған қарт аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға деген ерекше құрметтің үлгісін көрсетпей ме? Дұрыс түсіндіңіз. Дәл солай. Әйтпесе, Сағи ақын әлгіндей жыр арнап, ұрпаққа өсиет сөз қалдырмас еді ғой…
1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында аудан әкімі Ернар Есіркепов аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде ардагер ақсақалдармен кездесіп, мерекемен құттықтады. Кездесуге аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев және әр ауылдық округтің ардагерлер алқасының төрағалары қатысты. Кездесу еркін форматта өтті. Өз кезегінде әр ауылдың ұйытқысы болып отырған абыройлы ақсақалдар да елдің бірлігі мен татулығы мығым болса, біз бағындырмайтын белес жоқ екенін айтты. Содан соң іс-шара Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Кешке келген қариялардың құрметіне бишілер би билеп, өнерпаздар әсем әндер шырқады.
Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара мұнымен біте қойған жоқ. Жастарға тәлім-тәрбие беру мақсатында «Баталы елге бақ қонар» деген тақырыпта батагөйлер жарысы ұйымдастырылып, қазылар алқасының құрамында отырған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, ақын, жазушы, журналист Сейсен Қожеке, журналист, Қазақ журналистикасының қайраткері Тұрсынхан Жаманбаев және Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтап, алғыс хаттар табыс етті.
Марат Диханбай.