Қос ауылдық округтің тұрғындарымен кездесті

203 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерғазы Еспенов бекітілген кестеге сәйкес, Жаңатұрмыс және Қарақыстақ ауылдық округінің халқымен кездесті. Әуелгі жиын Жаңатұрмыс ауылында өтті. Жаңатұрмыс ауылдық әкімдігінің ғимаратында өткен жиынға халық көп келді. Жиында Ерғазы Жұмабекұлы аудан аумағында атқарылып жатқан толайым тірліктерді баяндап берді.

Жаңатұрмыс ауылында қазір газ бар. Былтыр жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Биыл ауыз су имараты соғылып, құбыры тартылып, қазір халық таза әрі сапалы ауыз суды тұтынуда. Биыл ауыл аумағында жаңа спорт кешенінің құрылысы да басталғалы отыр. Ауылішілік жолдар да жыл сайын жөнделіп, көшелерге жарықшам орнатылып жатыр. Бұл ауылға жетіспей тұрғаны – мәдениет үйі. Негізінен, ол да жоспарда бар. Халық оның бәрін біліп, түсініп отыр. Сондықтан ауыл тұрғындары «жиналысты ұзаққа созып», сұрақты көбейткен жоқ. Тек, ауыл ақсақалдары «Ауыл маңындағы бейіттер қоршалса…» дейді. Ауыл ақсақалдары көтерген бұл мәселеге аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ерғазы Жұмабекұлы үн қатып, Жаңатұрмыс ауылындағы бейітті қоршау жұмыстары келер жылы жоспарда бар екенін тілге тиек етті.
Одан кейін дәл осындай кездесу Қарақыстақ ауылдық округінің орталығы Каменка ауылында өтті. Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында да Ерғазы Еспенов ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтті. Содан соң Қарақыстақ ауылдық округіне биыл 41,9 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтты. Бұл қаражат мына жұмыстарға жұмсалмақ. Ауылдағы су құбыры жүйесін жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына – 4,0 миллион теңге, Тасшолақ ауылына теннис үстелдері бар футбол және «Стритворкаут» алаңдарын орнатуға – 12,7 миллион теңге, Тасшолақ ауылындағы Теміржолшы көшесіне электр желілерін тарту жұмыстарына – 6,4 миллион теңге, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Жалпақсаз ауылына балалар ойын алаңын орнатуға – 3,8 миллион теңге қарастырылып отыр екен. Содан соң тұрғындар сұрақтарын қойды. Тұрғындар көтерген барлық сауалдарға Ерғазы Жұмабекұлы нақты мысалдарды келтіре отырып, тұшымды әрі дәйекті жауаптар қайырды.
Әрбір кездесуден соң Ерғазы Еспенов ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен де қабылдады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: