Құлманов Сапар Тілеубердіұлы

177 Views

Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының əкімі лауазымына кандидаттар

өмірбаяны

Құлманов Сапар Тілеубердіұлы 1973 жылдың 3 шілдесінде Құмарық ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Қайыңды орта мектебін бітіріп, Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтына оқуға түсіп, 1995 жылы аталмыш жоғары оқу орнын «Инженер-экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2004-2006 жылдары Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Білімі – жоғары.
Еңбек жолын 1995 жылы «Мақпал» қой совхозында есепші болып бастаған. 1999-2006 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде маман, бас маман, сектор меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2006-2010 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы, 2010-2013 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып еңбек еткен. 2013 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі, 2013-2015 жылдары бұрынғы Новосель, қазіргі Ақниет ауылдық округінің әкімі лауазымына сайланып, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін шыңдаған. 2015-2023 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тұрар Рысқұлов аудандық мансаптық орталығы филиалының директоры болып қызмет атқарып келеді.
Отбасылы. 4 қызы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Азаттық – Тәңірдің бізге берген сыйы. Біз оны көрдік, сезіндік. Бақытты ұрпақпыз. Ал енді Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болуы үшін «Мәңгілік еліміздің» алдына мақсат қойған жас ұрпағы берекелі бейбітшілік пен қыр асқан татулығымызды басты назарға ала отырып, өздерінің үлестерін мемлекетіміздің дамуына қосуы керек деп есептеймін. Біз секілді аға буын өкілдері жастарымызға әр жерде соны айтып, түсіндіріп, оларға барынша қолдау көрсетуі керек. Біздегі басты миссия – сол болса, мемлекеттің даму қарқыны одан әрі үдейе түсері сөзсіз. Мен Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі лауазымына үміткер Құлманов Сапар Тілеубердіұлы жастардың қолдаушысы ретінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалаймын және әрбір азамат осы ұғымның қадір-қасиетін жете түсінсе екен деймін.
Құрметті Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғындары! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан шаһарында өткен екінші ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазакстан – Адал азамат» концепциясын ұсынды. Мен ел Президентінің халыққа ұсынған сол концепциясындағы сөздермен толықтай келісемін. Расымен де бізге қазір ұлттық мүдде тұрғысынан бірлесіп, еңбек ету – аса маңызды міндет деп ойлаймын.
«Әділетті Қазақстанды» қалыптастыратын да, әрі қарай дамытатын да мына сіз бенен біз. Яғни, көпшіліктің өзі. Ол біздің қолымыздан келеді. Ол үшін бірлесіп, бір-бірімізді аяқтан шалмай, қолдан келгенше тілеулес, ниеттес болсақ, біз, дамудың даңғыл жолына түсеміз. Адал азаматтардың еңбек етуге деген құлшынысы артады. Болашақ ұрпаққа біз сол қасиетімізбен үлгі боламыз. Сондықтан білекке – білек, тілекке – тілек қосып еңбек етсек, біз барлық мәселені шеше аламыз. Мен Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі лауазымына үміткер ретінде өзімнің сайлауалды бағдарламамда мына мәселелерге басымдық беріп отырмын.
1. Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға басқаша оймен қарамауымыз керек. Олар да осы қоғамның өкілі. Олар да мемлекеттен беріліп жатқан көмекті алуы керек. Аудан әкімі болып жатсам, осы мәселелерді басты назарға алатын боламын.
2. Жыл сайын әр елді мекендердің тұрғындары ауыз сумен қамтылып, ауылішілік жолдар да жөнделіп жатыр. Көшелерге жарықшам да орнатылып жатыр. Біз осы бағыттан таймауымыз керек. Себебі, ауыл халқына бар жағдай жасалуы керек.
3. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, тұрмыс жағдайына байланысты аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақыларды уақтылы алып отыруына мүмкіндік жасаймын.
4. Алғашында Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде басталып, қазіргі күні республика бойынша жүзеге асырылып отырған «Ауыл аманаты» жобасының игілігін ауданымыздағы барлық ауылдық округ халқының көруіне, көпшіліктің әлеуметтік тұрмыс жағдайының жақсаруына қолымнан келгенше жұмыс жасаймын.
5. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тетіктерін пайдалана отырып, жоғары білімі бар, оқыған, сауатты жас мамандарды ауылға шақыратын кез келді. Бұл тұрғыда да жүйелі жұмыс жүргізуге тырысамын.
6. Сондай-ақ, мектептердегі қатты отынмен жанатын қазандықтарды газға ауыстыру мәселесіне де жіті көңіл аударатын боламын. Өйткені, сол мектептерде өзіміздің балаларымыз оқиды. Ал, бала – біздің болашағымыз!
Құрметті сайлаушылар! Таңдау өз еркіңізде. Ең бастысы, 5 қарашада өзіңіздің сайлау учаскеңізге келіп, дауысыңызды беріңіз. Сіздің дауысыңыз адал азамат үшін маңызды!

Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой: