АБЛАЗИМОВ БАХЫТБЕК ЖАҚСЫМБЕТҰЛЫ

123 Views

Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының əкімі лауазымына кандидаттар

өмірбаяны
Аблазимов Бахытбек Жақсымбетұлы 1963 жылдың 22 қазанында Қорағаты ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы бұрынғы КазПИ, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Тарих және қоғамтану» мамандығы бойынша бітірген. Білімі – жоғары.
Еңбек жолын 1981 жылы «Қорағаты» совхозында қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1984-1995 жылдары Қорағаты орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасаған. 1995-1997 жылдары Қорағаты ауылдық округінің әкімі, 1997-2000 жылдары Қорағаты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет істеген. 2000 жылы Қорағаты орта мектебінің директоры, 2000-2013 жылдары мемлекеттік қызметте жұмыс жасап, Қорағаты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болды. 2013 жылдан бастап, Қорағаты ауылдық округінің әкімі лауазымына сайланып, абыроймен қызмет атқарып келеді.
Отбасылы. 2 ұл, 2 қызы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Барлығымыз ауылда дүниеге келдік. Ауыл – тіршіліктің күретамыры. Осыны сана сүзгісінен өткізіп, іспен дәлелдейтін уақыт келді.
Мен еңбек жолымды қарапайым жұмысшы болып бастасам да, талай қызметтік баспалдақтан өтіп, өмірлік тәжірибе жинадым. Мамандығым ұстаз болғанымен, көптеген жылдарымды мемлекеттік қызметке арнадым. Қай қызметте еңбек етсек те, шама-шарқымыз келгенше, абырой биігінен көрінуге тырыстық. Ауыл әкімі бола жүріп, елмен етене араластық. Кішіпейіл, іскер, адал ниетті азамат болсаң, халық әрқашан қолдайды. Мемлекеттік қызметте жұмыс жасай жүріп, мен соны түсіндім. Сондықтан да Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі лауазымына өзімнің кандидатурамды ұсынып отырмын. Мені қолдаңыздар! Мен сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын.
Құрметті сайлаушылар! Мен сайлауалды бағдарламамның кіріспе сөзін ауылдан бастауымның төркіні бекер емес. Шүкір, қазіргі таңда әр ауылдың тыныс-тіршілігі жақсарып, келбеті ажарланып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде ауыл халқы жаппай қалаға көшті. Оны өз көзімізбен көрдік. Дегенмен, ол заманнан да өттік. Қазір ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі қаладағы тұрғындардан ешбір кем емес деп санаймын. Мектептер күрделі жөндеуден өтіп, жаңа спорт нысандары салыну үстінде. Әр ауылдық округте осы жұмыстар жалғасуы керек деп есептеймін. Мені қолдасаңыздар, осы бағытта жұмыс жасайтын боламын.
Тұрар Рысқұлов ауданы – аграрлық аймақ. Іргелі шаруа қожалықтарымыз да бар. Иә, рас. Мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Ол расымен де үлкен қолдау. Мемлекеттің көмегін әрбір тұрғын тиімді пайдаланғаны дұрыс. Халықтың басым көпшілігі сол тиімді бағдарламалардың бағдарын біле бермейді. Көпшілікпен бірлесіп, ақпараттандыру жұмысын қолға алған жөн. Бұл тұрғыда мен өз іскерлігімді көрсететін боламын.
Бұдан бөлек, өзімнің сайлауалды бағдарламамда мен мына мәселелерге ерекше назар аударатын боламын.
1. Қазір дамыған заман. Жаһандану заманында ақпараттан қалыс қалсаң, бәрінен қағылғандай боласың. Сондықтан барлық елді мекенде кең жолақты интернеттің болғаны абзал.
2. Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамды әзірлер кезде тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауды ғана ойлаған жоқпын. Аудандағы ірі шаруа қожалықтарына да өзімнің қолдауымды барынша көрсетпек ниеттемін.
3. Өкінішке орай, ауданда кәсіпорын жоқтың қасы. Жаңа жұмыс орындары ашылу үшін инвестор тарту аса маңызды болып тұр. Бұл бағытта да өзімнің жиған тәжірибемді жұмсайтын боламын.
4. Шүкір, бүгінгі күні аудандағы елді мекендердің көбісіне газ кірген. Тұрғындар таза әрі сапалы ауыз сумен қамтылып жатыр. Дегенмен, көп ауылдарда электр бағаналарының тозығы жетіп тұр. Жыл сайын бағаналарды ауыстыру жұмыстары жүріп те жатыр. Осы жұмысты жүйелі түрде жоспарға енгізіп, халыққа қолайлы жағдай жасауға қолдан келген бар мүмкіндікті жасайтын боламын.
5. Көпбалалы аналарға, жалғызілікті қарттардың жайлы қоғамда өмір сүруіне барынша ықпал жасап, қолда бар мүмкіндікті жасаймын.
6. Жастардың бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік жасап, ауылдық жерлерде спорт кешендерін салуға тырысамын.
7. Ауылдық елді мекендерді абаттандыру жұмыстары әркез назарда болу керек. Әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастағаны жөн. Осы бағытта жұмыс жүйесін үйлестіріп, сенбіліктер ұйымдастырамын.
8. Осы жұмыстың барлығы халықпен бірлесіп, еңбек еткен кезде ғана іске асады. Ең бастысы, елімізде әрдайым тыныштық заман болса, біз осы мәселелердің ретін шеше аламыз.
9. Ауылдық елді мекендерде жаңа дәрігерлік нысандар салу да басты мәселе. Бұл тұрғыда да барынша жұмыс жасап, көпшіліктің алғысына ие болсам деймін.
10. Ауылдық елді мекендерде мәдениет үйлерін салып, тұрғындардың, соның ішінде әсіресе, жастардың мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысуына, оларға қолайлы жағдай жасауға бар күш-жігерімді жұмсаймын.
Құрметті сайлаушылар! Осы айтылған мәселелердің барлығы ұдайы менің назарымда болады. Мен әрдайым көпшілікпен біргемін! Айтқан уәдемді екі етпеуге тырысамын. 5 қарашада өзіңіздің сайлау учаскеңізге келіп, таңдауыңызды жасаңыз!

Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой: