Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының əкімі лауазымына «Аmanat» партиясынан кандидат
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Мен, Есіркепов Ернар Серікәліұлы, Т.Рысқұлов ауданында туылып, өстім. Бала кезімізден ата-анамыз бізді адалдыққа, еңбексүйгіштікке, туған жерді құрметтеуге баулып, тәрбиеледі.
Қазақ Ұлттық Аграрлық университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша тәмамдап, 2003 жылы ауылға оралып, алғашқы еңбек жолымды да туған өлкем – Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің бөлімдерінен бастап, кейінгі 13 жылдан астам уақытымды облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдарда жұмыс жасауға жұмсадым.
Облыс әкімдігінде қарапайым маманнан бастап, облыс әкімінің бас инспекторы, бөлім басшысы, басқарма басшының орынбасары, басшысы лауазымына дейінгі мемлекеттік қызметтің баспалдақтарынан өтіп, аудан әкімі қызметіне дейін жеттім. Жалпы мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілім 20 жылды құрайды. Осы аралықта ойыма түйген, бойыма сіңірген бар білімім мен тәжірибемді туған өлкемнің өркендеп-өсуіне, экономикасының өрісті дамуына жұмсайтын боламын.
Маған сенім артып, қолдау білдірсеңіздер, туған өлкемнің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына бар күш-жігерімді саламын.
Мен, бірінші кезекте аудандағы қоғамдық-саяси ахуалдың оң қалыптасуы бағытында жұмыс істейтін боламын. Қарапайым халықтың (тұрғындардың) мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға күшімді саламын. Әр туындаған мәселенің әділетті шешілуі халықтың қолдауына ие болары сөзсіз. Сондықтан да Президентіміз айтқандай, жаңа мемлекеттік саясаттағы үш қағидат «Әділетті мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» менің бар жұмысымның темірқазығына айналады.
Аудан әкімі ретінде бір жылдан астам уақыт ішінде аудан аумағында жылдар бойы қордаланған бірқатар өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпал еттік. Осы қас-қағым уақытта біз, яғни жастар бәсекеге қабілетті, сапалы жұмыстың үлгісін көрсете білдік! Осы кезеңде сыбайлас жемқорлыққа, «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол бермеудің, одан бас тартудың үлгісін көрсете білдік! Көптеген жылдар бойы шешімі табылмаған әлеуметтік мәселелердің түйінін тауып, оң шешілуіне жұмыс жасадық. Оған дәлел ретінде бірқатар жүзеге асқан жобаларға тоқталып өткім келеді.
– Жалпақсаз ауылындағы темір жол өткелінің ашылуы;
– Аудан орталығындағы қоғамдық көліктің тұрғындарға қызмет көрсетуінің қайта жандануы;
– Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданның 180 азаматының баспанаға қол жеткізуі;
– Аудан аумағында су қоймаларын салу және өзен арналарын күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, жобалық-сметалық құжаттамаларының жасақталуы, Қарақат каналын күрделі жөндеуге Республикалық бюджеттен қолдау табуы;
– Жаңатұрмыс, Қазақ және Сәлімбай ауылдарында орталықтандырылған ауыз су имараттарының қолданысқа енгізіліп, Құлан, Әбілқайыр, Сұмқайты ауылдарындағы ауыз су имараты құрылыстарының басталуы;
– Аудан аумағында 4 бірдей спорт кешені мен 2 мәдениет ошағының құрылыс жұмыстарының жүргізілуі, алғашқыларының ел игілігіне қолдануға берілуі;
– Құлан ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы;
– Тұрғындардың бос уақыттарын тиімді пайдалануын ұйымдастыру мақсатында саябақтардың қайта жаңғырту жұмыстарының қолға алынуы, балалар және спорт алаңшаларының салынуы, көше жарықтандыру және т.б.;
– Қорағаты, Қайыңды, Малдыбай ауылдарындағы пай үлескерлерінің жер дауларының оң шешімін табуы;
– Аудандағы көгілдір отынның тапшылығы, жетіспеушілігін жою бойынша Ақыртөбе ауылында жаңа АГРС-ті іске қосу жұмыстары;
– Құлан ауылындағы И.Панфилов көшесіндегі көппәтерлі 4 үйді күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен қаражат тарту жұмыстары;
– Аудандық этномәдени бірлестіктердің сұранысы бойынша «Достық» үйінің қолданысқа берілуі;
– Шолаққайыңды ауылына табиғи газ кіргізу жұмыстары жүргізілуде;
– Ақыртөбе – Тереңөзек – Қайыңды және Д.Қонаев ауылдарының жолдарын жөндеу мәселелері.
Бұл бір жылдан аса уақыт ішінде атқарылған жұмыстардың бір бөлігі. Ал, алдағы жоспар одан да ауқымды!
Құрметті жерлестер, ардақты Т.Рысқұлов ауданының тұрғындары!
Егер алдағы сайлауда халықтың сеніміне ие болып, аудан əкімі болып сайланған жағдайда, алдағы 4 жылда жүзеге асырылатын жоспарларым төмендегідей:
– 2027 жылға дейін 62 млрд.теңгені құрайтын 225 ірі және шағын инвестициялық жобалар, нәтижесінде 1576 жұмыс орны (о.і. тұрақты – 944, уақытша – 632) ашу жоспарлануда;
– 2027 жылға дейін 42,3 млрд.теңгені құрайтын 288 бюджеттік жобалар:
Атап айтқанда:
Білім саласы бойынша 25 жоба:
– 7 мектеп құрылысы;
– 16 нысанды күрделі жөндеу;
– 1 оқушылар сарайы мен 1 балалар лагері құрылысы.
Денсаулық сақтау саласы бойынша 12 жоба:
– 8 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы;
– 4 нысанды күрделі жөндеу.
Мәдениет саласы бойынша 21 жоба:
– 7 мәдениет үйінің құрылысы;
– 9 мәдениет үйін күрделі жөндеу;
– 5 мәдениет нысанын ағымдағы жөндеу.
Спорт саласы бойынша 24 жоба:
– 13 спорт кешенінің құрылысы;
– 10 спорт алаңын орнату және 1 нысанды жөндеу.
Ветеринария саласы бойынша 6 жоба:
– 3 малдәрігерлік пункт құрылысы;
– 3 малдәрігерлік пунктін жөндеу,
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қатысты 2 жоба:
– «Луговой-1» «Луговой-2» массивіне ауыз су, газ құрылысы жүреді.
Газдандыру бойынша 3 жоба:
– газ құбыры мен газ желілері салынады.
Ауыз су тарту бойынша 13 жоба:
– 9 ауыз су имараты салынып, 4 модульдік блок орнату.
Жол жөндеуге қатысты 99 жоба:
Аудандағы жөндеу көрмеген барлық жолдар жөндеуден өтеді.
Көше жарығы бойынша 46 жоба.
Саябақтарды абаттандыру бойынша 18 жоба.
Сонымен қатар, 2025 жылға дейін «Ауыл аманаты» жобасына барлық елді мекендері енгізіліп, тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған мемлекеттік жобалардың аудан аумағында жүзеге асырылуына ықпал етемін.
Жұмыссыздық деңгейін барынша төмендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында жеке инвестициялық жобаларды тарту мәселесін жандандрып, жаңа өндіріс ошақтарын ашуға бағытталған пәрменді шаралар қабылданатын болады.
Ауыл шаруашылығы саласын барынша қолдауға және дамытуға жұмыс жасаймын.
Елді мекендерді абаттандыру, көгеріштендіру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға күш саламын.
Қоғамдық көлік байланысын одан әрі дамытып, шалғай жатқан елді мекендерге тұрғындарға қолжетімді бағада жаңа бағыттар ашылуын қамтамасыз етемін.
Аудан аумағында интернет желісінің тұрақты және сапалы таратылуына, интернет желісі мүлдем жоқ елді мекендерге тарту мәселесін қолға аламын.
Аудан аумағында туристік саланы дамытуға күш саламын.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аудан аумағында іске асуына бар күш-жігерімді салатын боламын!
Әрбір тұрғынның үні ескерусіз қалмайды!
Қымбатты аудан тұрғындары!
Баршаңызды 5 қараша күні өтетін аудан әкімінің сайлауына белсенді түрде қатысып, тарихи сәтте азаматтық ұстанымын айқындап, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Құрметпен, Ернар Есіркепов.
Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат есебінен төленді.