Тұмау – жедел басталатын індет

132 Views

Тұмаумен барлық жастағы адамдар ауырады. Тұмау науқас сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде ауа арқылы жан-жаққа тарайды. Адамдар тұмауды науқаспен қол алысқанда, науқас пай­даланатын заттарды (бет орамал, сүлгі, ыдыс-аяқ және т.б) ұстап, пайдаланғанда жұқтырып алуы мүмкін.
Аурудың алғашқы белгілері: Маза­сыздану, дене ыстығының көте­рілуі, дірілдеп-қалшылдау, бас ауру, мұрынның бітеліп, жөтелдің пайда болуы, дененің ауырлап, сүйек-буынның қақ­сауы, бұлшық еттерінің сырқырауы, әлсіреу.
Тұмауды уақытында дұрыс емдемесе, соңында түрлі асқынулар пайда болады. Себебі, тұмау адам ағзасының әлсізденіп, ауруларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Әсіресе балаларға үлкен қауіп төнеді. Ерте жастағы балаларда өкпе қабынуының болуы әбден мүмкін. Жүкті әйелдер, қарттар және тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары, жүрек-қантамыр аурулары бар адамдар мен қант диабеті, иммунитет жетіспеушілігі бар адамдар үшін ауру жайсыз аяқталуы мүмкін.
Тұмаудан қорғану үшін не істеу керек?
– Жөтелгенде, түшкіргенде мін­дет­ті түрде ауыз бен мұрынды қол орамалмен жабу керек немесе қол орамал болмағанда шынтақ бүгісіне түшкіру қажет;
– қоғамдық орыннан кейін қолды сабындап жуу қажет;
– Иммунитетті күшейту үшін «С» дәрумені бар көкөніс, жеміс-жидектерді тағамға пайдалану, шайға таңкурай тосабын, лимонды қосып ішіп, тамаққа сарымсақ, пияз қосып жеу ұсынылады;
– Денені шынықтырып, спортпен шұғылдану, таза ауада серуендеп, иммунитетті күшейту;
– Дененің, әсіресе аяқтың салқын­дауына жол бермеңіз. Аяқты әрдайым құрғақ, жылы ұстаңыз;
– Науқасы бар үйге кішкентай бала­ларды апармаған жөн және өзі­ңіз барғанда науқастың бөлмесіне бетпердемен кірген жөн;
– Бөлменің тазалығын сақтап, күнде жуып, желдетіп тұрған жөн;
Тұмаудың алдын алуының арнайы жолы – вакцинация.
– Тұмауға қарсы екпені жыл сайын тұмау маусымының алдында, яғни қыр­күйек-қараша айларында алу қажет.
Тұмау – иммунитеті төмен жүк­ті әйелдерде аурулардың түрлі асқыну­шы­лық­­тарына душар етуі мүмкін екенін есте сақтаңыз (бронхит, пневмания, мерзіміне жетпей босану).
Тек дәрігер ғана сізге жеке тексеру барысында ем тағайындай алады!
Өз бетіңізше емделумен айналыс­паңыз. Ол сіздің денсаулығыңыз үшін қауіпті. Өзіңіздің және отбасыңыздың денсаулығын сақтаңыз!

Н.Муликова,
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.

Поделиться ссылкой: