Жаңа баспана – ел игілігі үшін

147 Views

Құрылыс – экономиканы ілгерілетудің бір тетігі. Жаңа нысан тұрғызылғанша көптеген адамдарға жұмыс орындары ашылады, құрылысы аяқталған соң халықтың игілігіне қызмет етеді. Дәл осындай ел игілігіне жараған жаңа бір нысан Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында бой көтерді. Ол – «Арай» тұрғын үй алқабы. Онда 80 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үй салынып, аталған аймақтың балалары үшін 300 орындық жаңа мектеп тұрғызылды. Бұл тұрғын үй алқабындағы қос үйдің пәтерлері әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасыларына, сонымен қатар жетім балаларға кезекке сәйкес берілген. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірқұловтың айтуынша, әлеуметтік осал топ санатына асыраушысы қызмет барысында қайтыс болған, толық қандас, зейнеткер, 1-2 топтағы мүгедектер және мүгедек бала асыраушы азаматтар жатады. Үйлер жылумен, газбен, электр қуатымен толықтай қамтамасыз етілген.
– Әзірге бұл үйлерге иелері түгелдей кө­шіп келген жоқ. Тұрғындар жартылай ғана қоныс­танды. Көппәтерлі үйлердің ауласына бала­лар ойын алаңы орнатылып, абаттандыру жұмыс­тары да жүргізілді. Жаңа тұрғын үй алқабы болған­дықтан, әлгі екі көпқабатты үйлерден басқа жеке үй салулары үшін тұрғындарға жер телім­дері де берілген. Олардың ішінде де құрылыс жүргізіп жатқандары бар. Сондықтан, біз әлі ол алқаптағы жолдарды асфальттаған жоқпыз, тек шағал тас төсеп қойдық. Себебі, құрылыс жүріп жатқандықтан ауыр техникалар жүреді, асфальт тез бүлінеді. Алқапқа тұрғындар 60-70 пайыз қоныстанғанда ғана асфальттаймыз. Тұрғындар көптеп көшіп келгенде осы аймаққа қоғамдық көлікті де жүргізетін боламыз. Құлан ауылында бір ғана ауыз су имараты бар, жаз айларында тұрғындар тарапынан суға сұраныс артқандықтан, судың қысымы азаяды.

Осы мәселені шешу үшін «Арай» тұрғын үй алқабынан жаңа ауыз су имаратын салуды бастадық. Құрылысы келесі жылға өтпелі. Бұйыртса, келесі жылдың жаз айларында салынып бітеді, сол кезден бастап су қысымының төмендеу мәселесі шешіледі, – дейді бөлім басшысы Жасұлан Бейшенқұлұлы. Көппәтерлі тұрғын үйлердің құры­лы­сы, инфрақұрылымы жөнінде сұраға­нымызда жауапты мамандар бәрі та­лапқа сай жабдықталғанын жеткізді.
– «Арай» тұрғын үй алқабындағы бірін­ші көппәтерлі үй құрылысының келісім­шарт құны 593 миллион 726 мың теңгені құрады. Ал, екіншісінің сметалық құны 673 миллион 726 мың теңге болды. Бірінші үйді «Сырым Блеке» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі салды, ал екінші үйді тұр­ғызған мердігер компания – «Тараз строй – 2004» серіктестігі. Үйлердің аула­сындағы балалар алаңын, инже­нерлік инфрақұрылымды басқа мер­дігер жүргізді. Мұнда 38-39,17 шар­шыметрлік көлемді 1 бөлмелі және 52, 33-53, 90 шаршыметрлік 2, 65, 71-ден 67, 85 шаршыметрге дейінгі аумақты алатын 3 бөлмелі пәтерлер бар. Кімге берілетінін арнайы құрылған тұрғын үй комиссиясы анықтап жатыр. Осы үйлерге берілетін электр қуатының жүйесі 2018 жылы салынып басталған, қазір ішкі жүйелер бөлек, сыртқы жүйелері бөлек жасалынып, толықтай қамтамасыз етілді. Жылыту жүйесі үшін модульді қазандық орналастырылған, көгілдір отынмен жылытылады, – дейді аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Эльмира Сағындықова. Жаңа үйлердің тұрғындарымен жүздеспекке аталған алқапқа арнайы бардық. Аулада кездескен тұрғын Алма Жүнісова:
– Жолдасым 2-топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат болғандықтан, тұрғын үй кезегімен жаңадан тұрғызылған үйдің 55-ші пәтерін алдық. Үй кезегіне 2012 жылы тұрған едік, баспаналы болу биыл бұйырыпты, шүкір. Сапалы өмір сүруге қажетті жағдайдың бәрі де жасалған, үйіміз жылы, жарық, су келіп тұр. Осындай қамқорлық танытқан мемлекетімізге, билік басындағыларға алғысымды айтамын. Аллаға шүкір етіп, «Өз үйім» дегізер Отанымның барына қуанамын, – деп разы пейілін байқатты.
– Құланға Құмарық разъезінен 2009 жылы көшіп келіп, жалдамалы пәтерде тұрып келдім. Үй кезегіне 2010 жылы тұрып, алдымен Алланың бұйрығымен, содан соң өз елімнің, үкіметтің көмегімен биыл жаңа баспанамның кілті қолға тиді. Мамыр айында көшіп келдім. Шүкір, жағдайымыз жақсы. Осындағы 1 бөлмелі пәтерде қызым және немерем үшеуміз тұрып жатырмыз. Осы үйден өсейік, өнейік, еліміз аман болып, мемлекетіміз өркендей берсін, – деп зейнеткер Сағымкүл Дүйсенбетова да шынайы алғысын жаудырды. Көршілерінің сөзіне қосылып, аналық алғысын білдірген Дәкен Айтпаева: – Ұлым дүниеден өткенде келінім екі ұл, екі қызымен қалған еді. Содан асыраушысынан айырылған ана ретінде баспана кезегіне 2004 жылы тұрған, он сегіз жыл күткен өз үйімізге биыл қол жеткіздік. Қазір немерелеріммен екі бөлмелі пәтерде тұрып жатырмыз. «Орнында бар оңалар» деген рас, келінім мен немерелерім ұлымның ошағын өшірмей, жаңа қоныстың қуанышын бірге көріп отырмыз. Үйімізде барлық жағдайлар жасалған, мемлекетімізге рақмет айтамыз, – деді.

Қамар ҚАРАСАЕВА.

 

Поделиться ссылкой: