Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
54 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аудан әкімдері де сайланатынын айтқан болатын. Сол үрдіс биыл пилоттық жоба ретінде іске асты. Яғни, 5 қарашада Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтті. Өкілеттіктерге сәйкес, облыстардың мәслихаттары осы сайлауды өткізу үшін 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекіткен еді. Сол 42 ауданның ішіне Тұрар Рысқұлов ауданы да енді. 5 қарашада Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің сайлауы өтті. Қолда бар мәліметке сүйенсек, сайлаушылар тізіміне 40419 азамат енгізілген. Дауыс беруге – 20541 сайлаушы, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс – 194 аудан тұрғыны қатысқан. Ұзақ жылдар бойы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде студенттер тәрбиелеп, дәріс оқыған Серік Күмісов өзі тіркелген 486-шы сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасаған азаматтың бірі. «Меніңше, бұл – өте дұрыс бастама. Мемлекет басшысының бұл идеясы халық үшін де тиімді. Біз азаматтық қоғам қалыптастырамыз десек, осындай саяси науқандардан қалыс қалмауымыз керек деп есептеймін. Республика бойынша халықтың таңдауымен 42 ауданның әкімі сайланатын болады. Бұқаралық ақпарат құралдарынан үнемі оқып отырдым. Сол 42 ауданның ішіне біздің де аудан еніп отыр. Бұл тегінде дұрыс бағыт екеніне көзіміз жетеді. Сондықтан әркім өз таңдауын жасағаны дұрыс» дейді ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметте еңбек еткен зейнеткер ағамыз.
Аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде орналасқан 486-шы сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасаған тағы бір азаматтың бірі – Ибрай Ишмуратов. Оның жасы – 23-те. Өзінің айтуынша, 18 жасынан бастап, еліміздегі қандай да болсын саяси науқаннан қалыс қалмай, міндетті түрде дауыс беруге келеді екен.
– Елімізде көптеген саяси науқандар өтіп жатады. Мен соның бірінен қалыс қалған емеспін. Өзім тіркелген сайлау учаскесіне келіп, міндетті түрде дауысымды беремін. Өз таңдауымды жасаймын. Біз – Тәуелсіз мемлекетпіз. Сонымен мақтануға да тиіспіз. Әлемдегі геосаяси жағдайды көріп, біліп те отырсыздар ғой. Шүкір, біздің елде тыныштық заман. Осыған шүкір деуіміз керек. Бүгін міне, тағы да Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің сайлауына қатысып, өз дауысымды бердім. Лайым елімізде бейбітшілік заман болсын. Менің замандастарымның да қалауы сол деп ойлаймын, – дейді Ибрай Ишмуратов.
М.Жолдасбекұлы.