Жамбыл облысында 745,0 мың гектар алқаптан ауыл шаруашылығы дақылдары жиналды

197 Views

Ағымдағы жылы облыста 745,0 мың гектар алқаптан ауыл шаруашылығы дақылдары жиналып, жалпы түсім 3 426,1 мың тоннаны құрады. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жан-жақты айтылып, егін жинау науқанының қорытындылары талқыланды. Ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, жыл қоры­тындысымен ауыл шаруа­шылығы өнімдері 535,7 млрд. теңге немесе 93,1 пайыз деңгейде орындалуы күтілуде.
Сондай-ақ, ол биыл ауыл шаруа­шылығы дақылдары 762,5 мың га алқапқа орналастырылғанын, алайда, ауа-райының қолай­сыз­дығынан және суармалы судың жетіспеу салдарынан жалпы 15,1 мың га алқап жарамсыздыққа ұшырағанын атап өтті.
– 2023-2024 жылдың мал қыстату науқанына облыс бойынша 2,6 млн. тонна мал азығын дайын­дау жоспарланған. Есептік ке­зең бойынша жоспар 100,4 пайызға орындалды. Мал азығын дайындау жұмыстары аяқталды, –деген басқарма басшысы күзгі дала жұмыстарына барлығы 10 063 техника қатысып жатқандығына да тоқталды. Ол үшін 15,7 мың тонна дизель отыны бөлініп, әр литрінің бағасы 250 теңгені құрағанын жеткізді.
2024 жылдың өнімі үшін 161,5 мың га алқапқа күздік дақылдар егу жоспарланып, 100,1 пайызға орындалған.
Облыс әкімі қант қызылшасының өткерілу барысын, шығынға ұшыраған шаруалармен жүргізіліп жатқан жұмыстарды, минералды тыңайтқыштармен қамту, азық-түлік сақтау қоймаларының жай-күйін сұрады.
Сонымен қатар, аймақ басшысы келер жылға дайын­дық шараларын ертеден пысықтауды, су үнемдеу техно­логияларының мүмкіндігін кеңінен пайдалану, ауданның сипатына қарай дақылдарды егу бойынша шаруалармен тұрақты жұмыс жүргізуді, қант қызылшасын субсидиялау мәселесін қатаң бақылауға алуды, Үкіметтің төтенше резервінен бөлінген қаражатты тиімді игеру қажеттігін баса айтып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: