Отанға қызмет – ерге тиген үлес

136 Views

Ауданның 85 жылдығына орай кеше аудандық полиция бөлімінің басшылық құрамы ілкімді шара ұйымдастырды. Елдегі тыныштықты бақылап, құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында олардың тынбай еңбек ететіні бесенеден белгілі. Бұл бөлімде көптеген азаматтар еңбек етіп, зейнетке шықты. Сондықтан олардың да ауданымыздың қарышты дамуына тигізген септігі зор. Біз полиция бөлімінде қызмет істеп, зейнет жасқа шыққан аға буын өкілдерін арагідік газет бетіне жазып та жүрміз. Кеше полиция бөлімінің ардагерлері бас қосып, аталмыш бөлім ғимаратының алдына Отан үшін от кешкен полицейлердің құрметіне қойылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.
Ардагерлердің арасында аудандық полиция бөлімін басқарған іскер азамат Досмырза Алашбаев та болды. Аудандық полиция бөлімінің басшысы Шалқар Дәулетқұлов осы жиналған аға буын өкілдерінің полиция бөлімінде өзіндік қолтаңбасы қалғанын сөз етіп, елімізде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық болса, мемлекет мерейі әрқашан үстем болатынын айтты.
Содан соң полиция ардагерлері Отан үшін от кешкен полиция қызмет­керлерінің құрметіне қойылған ескерт­кішке ақырын адымдап келіп, гүл шоқтарын қойды. Олардың арасында осы салада еңбек етіп, қайтыс болған азаматтардың да жұбайлары болды. Өз сөздерінде олар сол кездегі жұмыстың өзіндік ауыртпалықтары болғанын, сол кездерде еш мойымай, халыққа қалт­қысыз қызмет еткендіктерін әңгі­мелеп тұрды. Біз полиция ардагері Сенбек Қиялбековтен блиц-сұхбат алған едік. Ол
– Ілгеріректе дәл осы күні Жол полиция қызметкерлерінің күні еді. Біз осы құқық қорғау саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шықтық. Кейінгі толқын інілеріміз бізді әрқашан сыйлайды. Бүгін міне, талай жыл үзеңгілес болған әріптестерімді көріп, қуанып қалдым. Алдағы уақытта осы үрдіс үзілмесе екен деймін. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деп жауап қайырды.

Марат Аятберген.

Поделиться ссылкой: