Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
22 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Газет – ғұмыр айнасы
Мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған жерде қызмет еттім. Содан соң ұзақ жылдар бойы сыртта жүріп, еліміздің мәдениетінің дамуына аз да болса, тамшыдай үлесімді қостым деп есептеймін. «ДДА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі менің ұйымдастырушылық қабілетіме сеніп, биылдан бастап 83 жылдық тарихы бар «Құлан таңы» газетінің редакторы лауазымына тағайындады.
Қазіргі таңда аудандық газет жан-жақты дамып, дизайны тұрғысынан болсын, мақалалардың көркемдік тұрғысынан болсын жұрт оқитын басылымға айналды. Газет шығару ісі – оңай жұмыс емес. Мен оны түсінемін. Дегенмен, газеттің шығармашылық ұжымы өздерінің жұмыстарына адалдықпен қарап, беделі зор басылымда аянбай еңбек етіп келеді. Мен бұл тұрғыда газет қызметкерлеріне шексіз ризашылығымды айтсам деймін.
Алаш арысы Міржақып Дулатұлы «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген. Біз әрдайым осы өсиетті сөзді ұстанамыз. Биыл ауданымыздың құрылғанына да 85 жыл толып отыр. Оның үстіне бүгін біз газетіміздің 8000-шы санын шығарып отырмыз. Бұл да бір тарих. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде біз сіздердің назарларыңызға көптеген оқитын дүние ұсындық деп ойлаймын. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғаса түспек.
Қазақтың қабырғалы қаламгері Әзілхан Нұршайықов «Аспанда қыран көреген, жерде журналист көреген» деген екен. Осы сөздің астарында терең мазмұн жатыр. Сіздер оны парасаттылықпен түсінсеңіздер болғаны.
Жаңа да өзімнің кіріспе сөзімде жазып өттім. Біздің мақсатымыз оқырманның сұранысына сай, оқитын газет шығару. Алдыға қойған мақсатымыз көп. Сіздер бізді қолдасаңыздар жетіп жатыр. Ауданымыздың 85 жылдығы құтты болсын. «Құлан таңын» әрдайым оқи жүріңіздер. Біз әрқашан оқырмандарға тағылымды дүние ұсынудан жалықпаймыз. Әрбір газеттің тірегі – оқырман. Біз бұл жолы да өздеріңізге сенеміз. Тағы да мерейтой құтты болсын, ардақты ағайын!
Нұрлан Бықыбаев,
«Құлан таңы» газетінің бас редакторы.