Аман, Есен, Жүрсін…

210 Views

Бұл – дәл осы суреттегі үшемнің есімі. Аман, Есен, Жүрсін 2019 жылы 21 желтоқсанда дүниеге келді. Сол жылы мақала жазғанбыз біз. Үшемнің атасы Дәулет көкем аузын ашса жүрегі көрінетін аңғал әрі кеңпейіл адам. Өзінің газет біткенге көзқарасы түзу. Дәулет көкемнің зайыбы Кенже жеңгей де қонақжай кісі. Аста-төк дартархан жайып, сол мезетте жан-дәрмені қалмай бізді күткен еді. Ал, үшемнің әкесі Дидар Құрманалиев бізбен түйдей құрдас жігіт. Өзі көп сөйлемейтін көрінеді. Бізге солай көрінді. Өйткені, қойған сұрағымызға қысқа да нұсқа жауап беріп отырды. Дидардың келіншегі Қымбат замандасымыз да салмақты әрі кішіпейіл азаматша болып шықты. Сосын мына жайтты міндетті түрде жазуымыз керек секілді. Жасыратын несі бар, қазіргі таңда «үлкеннің сөзін бөлетін бала» көп қой. Ең бастысы, Құрманаливтер отбасында «үлкеннің сөзіне құлақ асу» деген қағидат сақталған екен. Өйткені, Дәулет көкем сөз сөйлегенде, әкесінің алдына шығып сөз сөйлегені баланы, не болмаса әйелді, келінді көрмедік. Әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы түсіністік теоремасын көріп, таң-тамаша болып қайтқанбыз сол жолы. Міне, отбасылық институттың нағыз көрінісі осындай болса керек.
Үстіміздегі жылдың 21 желтоқсанында Аман, Есен және Жүрсін 4 жасқа толады. «Дүниедегі ең байқампаз халық – балалар» деген сөз бар. Үшемнің мына суретінің өзі үйдегі жылылықты, аңғалдықты, көтеріңкі көңіл-күйді сездіріп тұрғандай әсер қалдырады. Ауданымыздың 85 жылдығы қарсаңында шағын да болса, осындай бір адамға ой салатын мақала жазуды құп көрдік.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: