Бір кем дүние
Кенгру мен күнкөру
Жаздың бір жайдарман күнінде жолым түсіп Тараз қаласына барып, Жамбыл қонақүйіне бұрылып едім, сыртқы есіктен астаналық әртістер шығып келе жатыр екен.
Сірә, гастрольде жүрген болар. Арасынан таныс бейне көргендей болдым. Батыс облыстардың бірінен келген, Президент оркестрінің айтулы әншісі екен.
Емшектегі баласының бетін өзінің омырауына қаратып, беліне орамалмен таңып тастапты.
– Оһо, кенгру! – дедім мен әрі сүйсініп әрі таң қалып.
Аса қадірлі әнші:
– Жоқ, кенгру емес, күнкөру! – деді.
Кенет тосылып қалдым.
«Е-е», – дедім ішімнен.
Президент оркестрінің әртістері күнкөріс қамымен жүрсе, жағдайлары мәз болмағаны ғой. Әдебиет, өнер адамдары қашанғы күнкөру уайымымен өмір сүруі керек?!
Бір кем дүние.
Ақшадағы алақан
Жаман ырым. Алақан жайған жақсы емес. Игі тілек болса, бір жөн.
Мемлекетте теңге әлсін-әлсін өзгеріп жататыны белгілі жай. Ақшасының өңі өзгермейтін, мен білсем, тек АҚШ па деп ойлаймын.
Кешегі Кеңес дәуірінде біздің елде жалпақ қағаз ақшада Лениннің суреті болушы еді.
Еліміз егемен болған кезеңде теңгеміздің өңі өзгеріп, әл-Фарабидің, Абылай ханның, Әбілқайыр ханның, Абайдың, Жамбылдың, т.б. ұлы қайраткерлердің суреттері басылып шығып жүруші еді.
Енді сол теңгеге көз үйреніп болмай жатып, ақшаның өңі өзгеріп шыға келді.
Ақшаға жаюлы алақан пайда болды. Не тілейді? Ненің нышаны? Бұл не құбылыс? Кімнің қиялы? Теңгеден суреттері алынып тасталған ұлы әруақтардан кешірімді не деп сұраймыз? Не бетімізбен?
Бір кем дүние.
Полигон
Арманшыл ақын Ақтанберді:
– Бетбақтың ен бір шөлінен төтелеп жүріп жол салып, шөлең бір жерді көл қылсам… – деп еді…
Бұл қай заман? Сірә, зар заман.
Қайраткер оқымысты Кәрім Мыңбаев:
– Бетбақ даланы Бақ далаға айналдырайық! – деп еді…
Бұл қай заман? Сірә, тар заман.
Академик Уфа Ахметсафин:
– Бетбақтың асты телегей теңіз, – деп еді.
Бұл қай заман? Сөзі жетім қор заман.
* * *
Ақтанберді ақын айтса, айтатындай жөні бар. Оның жырлары өн бойы, тұла бойы тұнып тұрған арман.
Бетбақтың шөлін көл қылсам дейді. Жағалай жайлау, ақбоз үйлер тігілсе дейді. Түгел тоқшылық, ит басына іркіт төгілген жұмақ заман.
Иә, бұл арман. Бұл тұрғыдан Ақтанберді ақын сонау бір қиырдағы Махамбет ақынмен үндесіп жатыр.
Кәрім Мыңбай кешегі Кеңес дәуірінің ғалымы. Ол баяғы революция кезінде-ақ Нұра бойынан үдере көшіп, Бетбақты төтелей кесіп, Шу бойына жеткен кезде елдің көшін бала күнінде көрген. Сол бала дәуірдің көрінісі өскенде де есінен кетпей, Бетбақтың ажарын өзгертуді армандаған азамат.
Осы арманды республика басшыларының алдына арқалай барса… О басында Кәрімді қуаттап, қолдаған басшылар мүлде өзгеріп қалыпты. Мәскеуге Бетбақ басқа мақсат үшін керек екен.
Ал Уфа Ахметсафин болса, үлкен ғалым. Көп зерттеудің нәтижесінде Бетбақтың асты телегей теңіз деп кетті.
Шіркін, сол теңізді зор насоспен тартып, жер бетіне шығарса… О, сонда Ақтанбердінің де, Кәрім Мыңбайдың да армандары орындалар еді…
Бірақ анау Балқаштан бастап, алыстағы Азғырға дейін мыңдаған шақырымдарға созылған Полигон жатыр. Соның улы зардабынан мың-мыңдап жайылған ақбөкен там-тұм ғана қалды. Тіпті, Кәрім Мыңбай ақбөкенге айналып, полигонның оғынан өртеніп кетті.
Түптің түбінде Бетбақ Бақ далаға айналар. Оған дейін құрбандар…
Бір кем дүние.
Көгершіннен ұят болды!
Шағалалардың күнкөрісі жаман емес. Есілдің суында әзірше майда шабақтар бар. Ерінбегендер қармақ салып, шынашақтай шабақ ұстаса, қуанып қалады. Судың бетіне ойнақтап шыққандарын шағала көкпар ілген шабандоздай қақшып алып, қайқаң қағады.
Ал көгершіндер балық ұстай алмайды. Кенесары ескерткішін айнала отырғандарға жақындай береді. Азын-аулақ нәпақаны адамдардан дәметеді.
Біреуі скамейкада жалғыз отырған маған жақындап келіп, ары-бері жүріп алды. Көгершін сырын білгендер қалталарына нан, шекілдеуік, тары сала жүреді. Құс баласы соған дәніккен.
Ал менің қалтамда тамақ жоқ, не беремін? Көзін қылиландыра қарап, басын қисайтады. Әлі дәметеді. Қалтамда тиындар бар. Бірақ көгершін ақша тілемейді. Оған нан керек, дән керек. Ол үшін алтын, күміс нәбары тас сияқты.
Қалталарымды қаққылаймын. Нан да жоқ, дән де жоқ. Көгершін көзі қылилана қалады. Мені мазақтайтын тәрізді. Ұят-ай!..
Бір кем дүние.
Иман Жүсіп
Балуан Шолақ. Қажымұқан. Иман Жүсіп. Қараөткел.
О да бір дәурен. Қараөткелдің бойындағы Ғалияның қымызханасы. Ирелең аққан Есілдің бойы баяғы Қыпшақ ауылдары. Күйгенжар, Талапкер, әріректе Қажымұқан туған жер.
Ерейментау мен Ақ Мешіт жақтағы Шиелінің арасында ат артқан сол Иман Жүсіп, кешегі Кеңес заманында колхоздастыру кезеңі келіп, Созақта сайқал саясатқа қарсы көтеріліс болғанда, сол көтеріліс көсемдерінің біріне айналған ғой. Көтеріліс күшпен басылғанда, Әулиеата маңында большевиктердің қолына түсіп, қала шетіндегі Қарасу бойында «халық жаулары» атылған орда есіл ердің сүйегі қалды.
Басына барып, дұға оқитын белгі жоқ. Қарасу бойы қаптаған үйлер. Қай үйдің астында қалғанын бір Құдай біледі.
Бір кем дүние.
«Келі» дейді. Қай «келі»?
Бидай түйетін, тары түйетін, арпа ақтайтын келі болушы еді. Келі мен келісап баяғы қазақ ауылының үй шаруасындағы басты құралдарының бірі еді.
Дәл осы заманда газеттер «келі», «келі» деп жазады. Қай «келі» десең, кәдімгі орысшадан келген «кило» екен. Яғни, килограмм.
Ал енді оның «келі» болып кететін қандай қисыны бар? Күні кешегі келі – келісап қазір қолданыстан шығып қалды деп, оның негізгі мағынасын өзгерте береміз бе?
Өткенін ұмытып кетпеу үшін, жарықтық Аяз би бабамыз:
– Аяз би, әліңді біл,
Құмырсқа, жолыңды біл! –
деп қаудырақ тонын босаға жаққа іліп қойған екен.
Бұл заманда келі мен келісап үйіңде болмаса да, музейде тұр.
Алдыңа қарап тірлік ет.
Өткенге қарап шүкірлік ет.
Шіркін, бір кем дүние. Ұмытшақпыз.
(Жалғасы бар).