Қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы және алдын алу шаралары
Жамбыл облысында 2023 жылдың бүгінгі күніне 2398 қызылшамен ауырғандар тіркелді, ауырғандардың негізгі бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар (82%).
Ауырғандардың арасында 70%-дан астамы әр түрлі себептермен екпе алмағандар, бірақ бұлардың көбі екпеден бас тартқандар (40%).
Қызылшаны емдеудің арнайы және тиімді емі жоқ. Қызылшадан сақтанудың жалғыз жолы вакцинация жасау болып табылады.
Ұлттық екпе жүргізу күнтізбесіне сай, вакцинация жоспарлы түрде 1 жаста және 6 жаста жасалады. 2023 жылдың 10 айында Жамбыл облысында 1 жастағы 20727 бала екпемен қамтылды, 6 жастағы 21387 бала егілді.
Жамбыл облысында 6 қарашада қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жұмыстары кезінде 281 екпе кабинеттері, 30 екпе жүргізетін көшпелі (выездные) бригадалары және 1800 медицина қызметкерлері жұмылдырылған.
Вакцинацияны 6 айлықтан бастап, 11 айға толған балалар, 2,3,4 жастағы балалар алады.
Сонымен қатар, екпе алғаны туралы мәліметі жоқ, уақытысында екпе алмағандарға екпе жүргізілуде.
Бүгінде қызылшаға қарсы жаппай иммундау кезеніңде 9 мыңнан аса адам екпе алды.
Сонымен қатар, індеттің алдын алуда төменде көрсетілген шараларды сақтау қажеттігін ескертеміз.
1.Адамдар көп шоғырланған ортадан аулақ болу. Егер де Сіз осындай жерлерге барсаңыз немесе бару қажет болса, онда медициналық бетпердені (масканы) пайдаланыңыз.
2.Ара қашықтықты сақтау қажет және респираторлық гигиена мен қол жуу гигиенасын ұмытпаған жөн.
Қызылша – бұл жедел басталатын инфекциялық вирусты ауру, адамнан адамға ауа тамшылары арқылы жұғады. Ауру жоғары температурамен, ауыз қуысының және жоғарғы тыныс алу жолдарының шырышты, сілекей қабаттарының қабынуымен, сондай-ақ өзіне тән бөртпесімен сипатталады.
Спикер: Муликова Неили Орынбасарқызы – Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары.