Жеңіл атлетиканың жарық жұлдызы

705 Views

аудан әкімі Асқар Қырықбаев Елена Хугольді осылай бағалады

Сейсенбі күні аудан әкімі Асқар Қырықбаев жеңіл атлетикадан Алматыда өткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерінен жүлде еншілеген Қарақыстақ ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Елена Хуголь мен оның бапкері Светлана Скребецті қабылдады. Айта кетейік, Алматы шаһарында өткен айтулы жарыста Лена 14-15 жас аралығындағы қыздар бәсекесінде 60 және 1000 метр қашықтықта тұғыр биігінен көрінген еді. Бұдан бөлек, ұзындыққа секіру бойынша 2 метр 31 сантиметр көрсеткішпен Қарақыстақтың қаршадай қызы III орын иеленген болатын. Жыл басынан бері көптеген елішілік жарыстардан өзге халықаралық додаларда олжа салып жүрген Елена Хугольге Асқар Санатұлы толағай табыс тілей отырып, «Тұрар Рысқұлов ауданына – 80» жыл атты мерекелік медальді табыс етті. Дәл осындай медальмен оқушының бапкері, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Светлана Скребец те марапатталды.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ:

7 сыныптан бастап жеңіл атлетикамен айналысатын Елена Хуголь 2017 жылы облыстық «Ауыл ойындары» спартакиадасында ұзындыққа секіруден, сондай-ақ, жүгірудің 100 және эстафеталық кезеңінде қомандаластарымен бірге топ жарып, жарыс жеңімпазы атанған. Биыл Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында жүгіруден Сеул олимпиадасының чемпионы Мария Пинигинаның есімін жастарға насихаттау мақсатында өткен халықаралық жарыста 200 және 400 метр қашықтықта күміс медаль иеленген.

Жас өрендеріміз жүлдемен оралды

Жуырда волейболдан Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өткен болатын. Чемпионат қорытындысы бойынша Жамбыл облысының оқушылары жүлделі III орынға ие болды. Облыс атынан додаға қатысқан жас волейболшылардың арасында Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Ардақ Жекен үздік өнерімен дараланды. Аталмыш білім ошағының денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ахмет Молдашевтан тәлім алатын Ардақтың алар асуы әлі алда деп сенеміз.

Топтаманы дайындаған Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: