Аңыз адам

214 Views

Иә, қаңтар айының 12-ші жұлдызы күні дүйім елдің Димашы атанған дара тұлғаның туған күні. Қай заманда болмасын ұлан-ғайыр кең өлкесі бар қазақ сахарасы апайтөс батырлар мен алмас тілді ақындардан, от ауызды шешендер мен ұрпағының қамын ойлаған ұлт қайраткерлерінен кенде болған емес. Бұл сөзімізге сырлы тарихтан көптеген деректер келтіруге болады. Әйтсе де, біз ол жағын мақсат тұтып отырған жоқпыз. Біздің айтпағымыз – кең жазықта батыл сөйлеп, еркін көсілген қазақтай қаһарман һәм жомарт халықтың текті ұлт екенін көрсету. Және осы бір өзге ұлтта жоқ тектілік – қарға тамырлы қазақтың бойында бағзыдан қалыптасқан қасиеттің бірі болғанын тілге тиек ету.
Тектілік жайлы сөз қозғағанда алдымен Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың ерліктерін айтпай кетсек арымызға сын болар еді. Одан Қасым, Тәуке, Хақназар, Абылай, Кенесары бұл тізім осылай жалғаса береді. Аты аталған бабаларымыздың барлығы ұлттың қамы үшін жан алысып, қан берісті. Біз осыны әрдайым естен шығармауымыз керек. Осы орайда, мына дәйекті де тайсалмай айтуға тиіспіз. XX ғасыр басында дүниеге келіп, баба аманатына қылаудай дақ түсірмеген әрі туған халқының әл-ауқатының жақсаруына өз септігін тигізген айтулы тұлғаның бірегейі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев болатын.
Дінмұхамед Қонаев – сөзсіз ұлт қайраткері. Оның қазақ халқына жасаған еселі еңбегі ұшан-теңіз. Димаш Ахметұлының Ұлы Дала төсіне 47 қала салып кеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Алматыны ару қала статусына жеткізгенде Қонаев еді. Ол қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде 40 жылға жуық ел басқарып, ұлттың мүддесін қолынан келгенше қорғады. Ең бастысы, еліне, жеріне адал қызмет етті. Сондықтан болар, жұрт оны Димаш деп көкке көтеріп, ардақ тұтты.
Дінмұхамед Ахметұлының «Өтті дәурен осылай» деген тамаша кітабы бар. Оқыған болсаңыздар, сол кітапта салмақты әрі шынайы ойлар әдіптеп жазылған. Шыны керек, Димаш ақсақалдың сол туындысы халық арасында жиі оқылатын шығармалар тізіміне жатады. Сондай-ақ, оның «Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім», «Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен» деген қанатты сөздері ел ішінде кеңінен айтылып жүр. Дінмұхамед Қонаевтың тағы бір артықшылығы, оның айнала­сындағы адамдарға қамқорлық таны­тып, шын жанашыр болғанын көптеген адамдар айтады. Мәселен, Қазақстанның халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов пен Димаш ақсақалдың ағалық-інілік ара-қатынастары өте жақсы болған. Қайбір жылы елімізге белгілі республикалық басылымға берген сұхбатында Нұрағаң оны айрықша атап өткен тұғын. Ақыры сөз еткеннен кейін, бүгінгі мақаламызда ол жайтты да назарға алып өтсек еш сөкеттігі бола қоймас. Димаш ақсақалдың зейнетке шыққан кезі. Бірде абзал ағасы Нұрғали Нүсіпжановқа оңаша қалып сөйлесуге ұсыныс жасапты. Екеуі біраз әңгіменің шетін қайырған соң:
– Нұрғали, мен сені түсінбедім, – депті Димекең. Не бүлдіріп қойдым деп қатты қобалжиды әнші Нұрғали. Сонда: «Мен қызметте жүргенімде қабылдауымда екі рет болдың. Не қызмет, не үй сұрамадың. Не деген адамсың. Сен ауылдан келген қойшының баласысың. Тіреп тұрған ешкімің жоқ. Сенің осы күнге жету үшін қалай қиналғаныңды шамалап тұрмын. Менің алдыма кіргеннің бәрі үй сұрайтын. Ешкімнің меселін қайтармадым. Бала-шағасы бар адам солардың ертеңін ойлау керек. Олардың материалдық жағдайын жақсартып беру әрі-беріден соң сенің міндетің» – дейді сырлас інісіне. Бұл ыңғайсыз жағдайдан екеуін де алып шығу үшін Нұрағаң сөзін қалжыңға бұрып былай деген көрінеді.
– Көке, менің жолдастарымның бәріне қызмет беріп, бастық қылдыңыз. Менің жағдайымды солар жасайды деп сендім,– деген екен Нұрғали Нүсіпжанов сол әңгіме барысында. Көрдіңіз бе, қандай сыйластық. Ағаның ініге деген шынайы ізгі ниеті осындай болса ке­рек-ті. Оны дүйім елдің Димашы атан­дырған да осындай тектілік қасиет. Қазақтай халық барда, Димаш Ахметұлының есімі ешқашан ұлт жадынан өшпек емес.
Қалай десек те, ел басқару ісінде жақсы аты қалған тау тұлғалы қайраткердің бірегейі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев десек, көбі келісер. Бәзбіреулер «Димаш Ахметұлының көзін көрмеген мына бала не тантып тұр өзі» деуі де мүмкін. Иә, рас. Біздің буын ол кісінің көзін көрген жоқ. Көзін көрмесек те, істеген ісін, жасаған еңбегін, артында қалған сөзін кітаптан, газеттен оқып, адами тұлғасын жұрттан естіп білдік. «Қонаев айтты» деген ұлағатты сөздерді мерзімді баспасөзден оқи қалсақ, санаға тоқып, күнделік дәптерімізге түртіп те алатын сәттеріміз көп. Ілгеріректе күнделік дәптерімді ақтарып отырып, мына сөзге назарым ауды. Ақселеу Сейдімбек айтқан екен. Жазып қойыппын дәптеріме. Осы сөз Дінмұхамед Ахметұлының болмыс-бітімін айшықтауда айна-қатесіз айтылған сөз іспетті көрінді маған. Мәтіні мынадай тұрпатта жазылған.
«Жарық дүниеге пешенесі бестен келіп, алғашқы тартқан демінен бастап ақжолтай ғұмыр бұйыратын адамдар болады. Олар тіршілігінде не қаласа да дегені болып, ішкені – алдында, ішпегені – артында дегендей, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді. Дарыны тасып, күресі асып тұрмағанына қарамастан, өзі араласқа түскен қоғамның әлпеші болмаса да, қолпашынан кенде болмайды. Мұндайлар қара басының мұң-мүддесі үшін біреуді қарақтап, біреуді жарақтауға келгенде әбжілдік танытқанымен, өзі бір мүшесі болып жүрген қоғам тағдырына қа­тыс­ты істерге әсте қабырғасын қайыс­тыр­майды. «Менен кейін маған десе топан су қаптасын» деген ұстаным мұндай адамдардың өмір сүру тәсіліне айналады.
Ал енді, келесі бір адамдар болады: арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел. Айтары жоқ, қызыға қарайсың» деп жазыпты Ақселеу Сейдімбек. Осындағы «арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел» деген сөздерді өз басым Димаш Ахметұлының портреттік кескіндемесіне арналып айтылғандай қабылдадым.
Рас қой, әйтпесе, Дінмұхамед Қонаев ел басқарған адам. Ел басқарып жүріп, «пәленбай байлық» жинапты дегенді мен мүлде оқыған да, естіген де емеспін. Бір қызметтің тізгінін ұстап не болмаса сәл бір байлық бітсе, «тоқал» аламын деп едіреңдеп шығатын ерлер жоқ емес, бар қоғамда. Ал, Димаш ақсақал Зухра апаймен бірге мәңгі ғұмыр кешкен адам. Сөзін журналист Серік Абас-Шах, әнін Сәкен Қалымов жазған «Арнау» өлеңінің мазмұнында Димаш ақсақалдың адами болмысы дәл суреттелгендей. Жазайық, оқып көріңіз.
Нәпсіңді тиып құлыптап,
Тастаса Алла қылып бақ.
Димекең биік рухыңмен,
Халқыңды өттің ұлықтап.

Жан едің асыл, бек қылық,
Әр сөзің елге етті үміт.
Балтырың қанап жүрсе де,
Жоғалтпай кеттің тектілік.

Жомарттық саған жайлы ұғым,
Жетімге жетті шайлығың.
Миллиардты жиып жатпадың,
Жүрекке сыйды байлығың.

Ұл едің бірақ қатал ең,
Бұзбады сені тоқ әлем.
Сәбидей ғұмыр кешсең де,
Іздеген жоқсың тоқал ем.

Жезөкше ғұмыр сүрмедің,
Айбат қып елге үрмедің.
Алаяқ жиып қасыңа,
Алшыдан басып жүрмедің.

Шірітпей басын балықтың,
Жеп өттің қамын халықтың.
Туған күнде сенде той емес,
Датасы ғана алыптың.

Кетсе де сайтан, жын үйіп,
Киелі жерміз шын ұйық.
Ертеңі ертек еліңе,
Тұрсыз ба Көктен жымиып.

Жан едің асыл, бек қылық,
Әр сөзің елге етті үміт.
Балтырың қанап жүрсе де,
Жоғалтпай кеттің тектілік.

Түйін: Бүгінгі таңда елімізде жер-су атауларын барынша қазақиландыруға көп күш жұмсалынып жатқандығы баршамызға белгілі. Оның айқын бір дәлелін алысты шалмай-ақ, өзіміздің тұрғылықты мекенімізден-ақ байқауға болады. Естеріңізде болса, жергілікті жұртшылықтың көкейінде Ворошилов атанып кеткен №2 орта мектепке қайбір жылы Алаш арысы Әлихан Бөкейханның есімі берілген болатын. Біз үшін бұл үлкен қуаныш болды. Біраз жылдар бойы Юбилейное деген атаумен аталып келген ауыл қазір Дінмұхамед Қонаевтың тегімен аталады. Қытай ойшылы Конфуций: «Халқыңа байсалды бол, сонда ол сені құрметтейді, ұл мен әкенің парызын ұстан, сонда ел саған беріле қызмет етеді, қабілеттіні көтермеле, қабілетсізге үйрет, сонда ел көтеріңкі көңіл күйде болады» деген екен. Меніңше, Димаш ақсақал осы принципті мақсат еткен және сол үшін де халық оны құрметтеп, сыйлайды. Тарихта ел басқарғандар арасында бұндай жақсы адамдар аз. Дінмұхамед Қонаев – сол жақсының бірегейі.

Поделиться ссылкой: