Көңілге жылылық сыйлаған әуезді кеш

174 Views

Жуырда Қарақат ауылдық клубында «Анаға тағзым» деген тақырыппен салтанатты іс-шара өтті. Аталмыш шараны аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Құлан ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырды. Шараға аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Айдархан және Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров қатысып, сөз сөйледі.

Іс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Айдархан ақ жаулықты аналарымыз әрқашанда шаңырағымыздың ұйытқысы екенін айтып, өткен жыл еліміз үшін табысты жыл болғанын тілге тиек етті. Ал, Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Серікханұлы «Ақылды қария – ағып жатқан дария» деген қарға тамырлы қазақтың аталы сөзін айтып, қоғамда әжелердің, аталардың, аналардың орны әрқашан ерекше құрметке ие екенін жеткізді.
Содан соң іс-шара әсем әндермен жалғасын тапты. Аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары есті ән­дер шырқады. Іс-шараға арнайы ша­қырылған ақ жаулықты аналар әншілердің өнеріне сүйсініп, ыстық ықылас көрсетті. Ал, Қарақат ауыл­дық клубының домбыра үйірмесінің қатысушысы, «БалаАРТ» атты облыс­тық байқаудың жүлделі үшінші орын иегері Мирас Жақсылық Төлеген Момбековтің «Бозінген» күйін нақы­шы­на келтіре шерткенде, залға жиналған көп­шіліктің құрметі тіпті күшейе түсті. Осындай керемет кештің қорытынды сөзін Қарақат ауылдық ақсақалдар кеңе­сінің төрағасы Үмбет Жанаділов ақса­қал қорытындылап, іс-шараны бірлесіп ұйымдастырған аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Құлан ауылдық округі әкімі аппаратының қызмет­керлеріне ризашылығын біл­дір­ді. Және кеш соңында ақ жаулықты аналарға алғыс хаттар табыс етілді.

Марат Аятберген.

Поделиться ссылкой: