Азаттық деген — асыл сөз

209 Views

Азаттық. Құлаққа қандай жағымды естіледі. Ал, осы қастерлі сөзді болашақ ұр­пақ сезінсін деп, қаншама баба­ларымыз жанқиярлық танытып, жазықсыздан-жазықсыз жапа шек­ті. Жәнібек хан жігерлілік танытып, Керей хан халықтың қамын күйт­теп, Қасым хан қайсарлықпен шайқасып, Абылай бабамыз аттан түскен жоқ. Бұлардың барлығы да болашақ ұрпағының бақытты ғұмыр кешуі жолында ерлікпен шайқасып, жандарын қиды. Осының бәрін екшеп отырып, мен кейде солардың ержүректілігіне, жаудың алдында қасқайып тұрып қарсы сөз айтқан қайсарлығына, кісі баласына жамандық түгілі артынан ғайбат сөз айтуды жа­рат­пайтын зиялылығына, қара басының қамынан гөрі жерінің, халқының, елінің жағдайын ойлаған ұлылығына таң қаламын. Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан ғайыр атырабтағы осынау кең даланы ешбір қарусыз-ақ, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен мына біздерге аманат етіп қалдырды.
Азаттық үшін алысқан Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды зиялыларымыз ұлт мүддесі үшін бастарын қатерге тікті. Солардың қайсар мінезінен қуат алған желтоқсаншылар 1986 жылы Қызыл империяның айдағына көнбей, қазақы намыстың ұшқынын ұқтырды. Осылайша, 1991 жылдың 16-шы желтоқсанында қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған тарих орнады. Бодандықтың қамыты артта қалып, Алаштың төрінде тәуелсіздіктің таңы атты. Барша қазақ бөркін ас­панға лақтырып, қуаныштан көз жас­қа да ерік берді. Ол – жай жас емес, ішкі түйсікті жарып шық­қан шынайы жас болатын. Міне, біз ғұмыр кешіп жатқан Тәуелсіз Қазақстанның тарихи құндылықтары осындай. Айтар сөзге оңай болғанымен, таусылмас төзім мен жаралы жылдардың жеңісі бұл. Біз, тәуелсіз ұрпақтың өкілі ретінде осы ерліктерді әрқа­шан жүрек сүзгісінен өткізіп, біліп жүруіміз керек есептеймін.
Алдағы уақытта тәуелсіз елдің жалынды жастары жеткен жетістіктерімізді үсті-үстіне жетілдіре түссе деймін. Сонда ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жаңа бе­­лес­­­терді бағындыра ала­мыз. Бұл жөнінде Мемлекет бас­шысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» ат­ты ел халқына арнаған кезекті Жолдауында: «Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы Абай Құнанбайұлы «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр» деп оябы бөлек ой айтты. Мен бұл сөзге толықтай келісемін.
Осы шағын ғана мақаладағы түйін сөзді қалай аяқтасам да жарасар еді. Бірақ, мына есті сөз жүрекке қонымды болғандықтан осылай қорытындылауды жөн санап отырмын. Алаштың Ақселеуі атанған қазақ қара сөзінің қаранары Ақселеу Сейдімбеков ағамыз өзі­нің күнделігінде «Азаттық! О, Тәңірім, ұзағынан сүйіндіргей» деп жазыпты. Біздегі тілек те осы деп ұққайсыздар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды, егемендігіміз мәңгі болсын.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: