Бата жиған Бижанов немесе «…жауынменен – жер, батаменен – ер көгерер»

278 Views

Журналист әрқашан ізденісте жүреді. Яғни, көп оқиды десек болады. Оны алысқа бармай-ақ, газеттің бүгінгі санына жарияланып отырған ардагер журналист Сейсен Қожекенің осы мақаласынан да байқауларыңыз заңдылық деп білеміз.
Расымен де, Қожайхан Бижановтың «Баталар жинағы» кітабында санаға түйетін дүниелер өте көп. Оқуға кеңес береміз. Мына мақала ол кітапты оқуға деген ынтаңызды одан әрі арттырары сөзсіз. 

Бектеміс Қазыбай Бижановтың топырағында бір емес, бес шайыр дүние есігін ашқан. Төле би сынды Төбе би қонған Ақыртөбенің жон арқасындағы Тереңөзек, дәлірек айтқанда, Ынтымақ ауылында кіндік қаны тамған. Әлгі аузымызға ілік болған бес шайырдың біреуі Өзбек Ақжолұлы туралы қаламгер-журналист Тұрсынхан Толқымбайұлының «Үриятнама» атты кітабынан білеміз. Заманында шулық қылыш тілді Қылышбай ақынмен айтысқан асау жүректі ақынның:
– Ер иіліп еңкеймей,
Емен ағаш сынар ма.
Төреқұл мен Тұрар жүр,
Жұрттың басын құрарға, – деген аталы сөзі көптің көкейінде әлі жүр. Ал, Қосы батыр Сәмбетұлының тікелей ұрпағы Балуан Шолақпен аталас болып келетін ақын Бармақ Мықанбайұлы (1872-1942ж.) туралы жыр алыбы Жамбыл:
Қолында қыл қобызы Бармақ отыр,
Бір сөзді айтамын деп арнап отыр.
От жалын ақындардың төресі бұл,
Әрбір сөзін салмақтап, парлап отыр, — деген екен.
Иә, Тереңөзектің тамырына терең бойлай берсек, көзі тірісінде: «Осы кісілерді жазу керек» деп, көне төте жазуы бар қолжазбаларды құшақтап жүріп өмірден өткен Сырғатай аға Махамбетов келеді көз алдыма. Сонда Сыраға Өсер, Балқыбек Тәжіұлы, Сыдық Аткелтіров, Әбдәкім Жәлімбетов сынды дүлдүлдер жайлы тебірене айтушы еді-ау… Енді міне, осының барлығы Қазыбай ақынның ұлы Қожайхан Бижановтың «Баталар жинағы» атты Қордай баспасынан жарық көрген кітабынан ойып тұрып орын алыпты.
Жақсылардың айтқан қанатты сөздерінің там-тұмдап болса да жарыққа шығып жатқаны қандай жақсы. Қожайхан Қазыбайұлы әкесі сияқты партия, кеңес қызметінде көп жылдар бойы еңбек етіп, қалың елдің қақ ортасында, аузы дуалы ақсақалдардың аталы әрі баталы сөздерін жинап, онысын алқалы жиындарда жатқа айтып, жамағаттың жадына сабақты инеге сыналап құятын парасат иесі. Мұнысы жазушы Рахымжан Отарбаевтың: «Жиған-тергеніне», Шерағаның: «Бір кем дүниесіне» ұқсайтын қазақы болмысымызға бесенеден бері белгілі аталы сөздер екенінде дау жоқ. Қожекең әкесі Қазыбай сынды Жамбыл мен Кененнің ақындық салт-дәстүрін жалғастырып, Қылышбай мен Сауытбектерден өнеге алып, шулық Жақсыбай Жантөбетов пен меркілік Өмірбек Қабыловпен айтысып, облыстық айтыста бас жүлде алып, Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық мерейтойында ақын-жазушылардың көзіне түскен жоқ. Бірақ оның домбыра тартып, ән айтатын өнері сол әкеден балаға дарыған асыл қасиеттерінің бірі десем жаңылыспаймын.
Енді осы жинақтың беттерін парақтап, сөздерін сабақтап көрейік. Автордың өмірдерегіне сүйенсек, ол 1949 жылдың 9 қыркүйегінде әкесі Қазыбай Бижанов «Жаңа­тұрмыс» колхозында партком хатшысы болып тұрғанда қызыр қонған қожай қонысында дүниеге келіпті. Сондықтан болар, Ұлы Отан соғысынан жеңіспен елге оралған майдангер екінші ұлының ныспын Қожайхан деп қойыпты. Қожекең биылғы қыркүйек айында мерейлі 75 жасқа толады.
Тұрар Рысқұлов аудандық ардагерлер Кеңесін 2012 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан атпал азамат өзінің кітабына жазған алғы сөзінде: «Әр босаға иесі: «Асаудың арынын, түнгі оттың жалынын берсе екен» деген ниетпен төріне шыққан игі жақсылардан бата сұраған ғой. Иә, бата – киелі. Ол маған аталар дауысы, әруақтар үні секілді естіледі. Өйткені, баталы әр сөзде бәтуәның байлауы, бітімнің білтесі, уәденің уәжі, келісімнің кесесі, татулықтың таразысы, өнегенің өрісі, отаудың құты, ошақтың оты, халықтың даналығы бар. Осындай ұтқыр ойлар мен тәтті тілектерді, басалқалы баталарды неге жинап жүрмеске. Ол салт-санамыздың алтын бесігі ғой» дейді баталы ақсақалымыз.
Сонымен жетпістің желқайығына мінген батагөйдің «жиған-тергені» негізінен үш бөлімнен тұрады деуге болады. Олар:
1.Баталар жинағы
2.Ұлағатты сөздер
3. Өлеңдер топтамасы. Одан кейінгісі автордың арнау өлеңдері мен халық ақыны (әкесі) Қазыбай Бижановтың шығармашылығына арналған.
Иә, қазақ батаны данаға да, балаға да, кәрі мен жасқа, батырға да, бағланға да берген ғой. Мысалы, мына бір батаны алайықшы. Мұны расында ескірмейтін, есті кісі есінде сақтап жүретін көрікті бата десе болады.
Төле бидей көсем болсын,
Бөлтіріктей шешен болсын.
Сауытбектей ақын болсын,
Бәйдібектей батыр болсын.
Қонаевтай заңғар болсын,
Асанбайдай тілді болсын.
Бауыржандай зілді болсын,
Тегі текті құнды болсын.
Өмір жасы ұзақ болып,
Жамбыл жеткен жасқа толсын!
Бауыр етің балаға бұдан асқан бата бар ма? Қазір қазекемнің тойы көп. Тойға бара қалсаң бата сұрайды. Беруің керек. Қожекеңнің талай тойда адамның жанын жадыратып, кісінің керуен сарайын ашып, көңіліне қош ұялататын баталарын көп естідік. Ал, бата іздеген жанға бұл кітапты ғайыптың қазынасы, сырластың сыр сандығы десе де болады. Мына бір сөз маржанын санаңызға сақтап қойсаңыз болады:
Байқасаңыз айналаға жар сала,
Бақыт іздеп жүрген жандар қаншама.
Бақыт деген бір-біріңді сыйлауың,
Бақыт деген жылы сөзің баршаға.
Бәріңе де бөліп-бөліп берер ем,
Бірақ бақыт сатылмайды ақшаға.
Осылайша бір деммен Қожекең 257 бата жазыпты. Шіркін, баталарда қаншама шабыт, жігер бар десеңізші!
Абыздарымыз алысты көрсін,
Ел-жұртымыз табысты болсын.
Қыздарымыз көрікті,
Ұлдарымыз намысты болсын, – деген сөздердің өн бойында қаншама терең мағына, көрікті ой жатыр. Мен авторды діндар жан емес қой деуші едім. Бақсам, Қожекең де Тәңірінің «терезесін» талай қаққан, Жаратушыға талай жалынып, дұға жасаған жан көрінеді. Әйтпесе:
«Е, жаратушы жасаған!
Тілегімді қабыл ет,
Иманымды кәміл ет.
Тозақтағы оттан сақта,
Қаңғыған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта!» демес еді ғой. Қожекең «Ұлағатты сөздерінде» осы ойын одан әрі қарай өрбітіп: «Рамазанда бір ай береке, төрт апта толассыз тілектер, 30 күн кешірім, 720 сағат шынайы мүмкіндіктер, 43200 минут мейірім шуағы, 2592000 секунд төгілген нұр бар» дейді. Ұлағат айту ғұламалардың үлесінде. Десек те: «Некеге адал болу үшін жұбайдан емес, Құдай­дан қорқу керек. Әйелді ері сақтамайды, ары сақ­тайды» деген пәлсәфаға қалайша көз тоқтатпай өте аласың. Иә, «Жылататын да, жұбататын да сөз» екеніне кім дау айта алады? Ал, қазақ: «Қызың жақсы болса бір бақыт, ұлың жақсы болса мың бақыт, ал келінің жақсы болса шын бақыт» деп қалай айна қатесіз айтқан. Осындай тамырын тап басып, айна қатесіз айтқан сөздерді автор айнымай тапқан екен. Мына бір сөз мәйегіне зер салып көріңізші.
– Жердің тайғақ болғанын мұздан көрдім,
Еттің ащы болғанын тұздан көрдім.
Жас күнімде: «қыз бала» деп менсінбеп ем,
Қартайғанда рахатты қыздан көрдім, – деген екен. Өмірдің айпара шындығы ма? Иә, шындығы. «Бекер ғой бәрі, бекер ғой бәрі бөтен ғой, Өмір дегенің бір сәттік сәуле екен ғой» деп Мұқағали айтқандай, осындайда мына бір тіркесі түгел шумақты оқымай өте шықсақ, өкініп қалармыз. Ендеше оқиық.
Күн батты міне кеш кірді,
Жанымнан бір күн ескірді.
Рахатқа бола бес күнгі,
Ренжіте көрме ешкімді.
Тағы да бір күн кеш кірген,
Азаматсың ғой ес білген,
Жауласа көрме ешкім­мен.
Қандай тауып айтылған сөз. Біз «Ұлағатты сөздер» әліппесін оқып, көкірек сарайымызды кеңіттік. Осынау дара, дана сөздерді біз күн құрғатпай естіп, оны көңіл көкжиегіне тоқып жүрген жоқпыз ғой. Иә, Төле би, Әйтеке би, Қазбек би, Бұхар жырау, Мөңке би, Базар жырау, Абай, Жамбыл, Шәкәрім айтыпты деген данышпандық сөздерді де осы кітаптан оқыдық. Тегі түркілер, қарға тамырлы қазақ туралы айтқан әлем ғұла­ма­ларының қанатты сөздері де бар мұнда. Қазақ жеріне ХІІІ ғасырда атбасын тіреген Рим папа­сының өкілі Плано Карпини «былай депті» деген сөз де бар. Ол: « Бұл халық (қазақтарды айтады) өз билеушілеріне, о дүниелік болған бабаларының алдында, ел билеген тұлғаларына өте адал болып келеді. Бұларда жалған сөйлеп, өтірік айту деген жоқ. Бұл халықтың арасында өзара айтыс-тартыс деген болмайды. Ұрлық-қарлық деген нәрсе атымен жоқ. Сондықтан болар, бұлардың есіктеріне өмірі құлып салынбайды. Бұлардың тіпті малы адасып басқа қораға кіріп кетсе де, оның иесі адасқан малды қайта айдап келеді. Жалпы бұлардың ауыз­бірлігі, ынтымағы өте берік және тауқыметке өте шыдамды, жолда ашқұрсақ жүрсе де жүзінен күлкісі кетпейтін дархан, ақжарқын халық» деген сөзі қазақтың өзінің шетсіз-шексіз дархан даласы сияқты кең екенін көрсетпей ме? Алайда, Мөңке бидің айтқаны келді. Заман өзгерді…
Қожайхан Қазыбайұлы Бижанов осынау «Баталар жинағына» көз көріп, көңіл тоқтатқан, күнделікті тіршілікте жадына түйген тұлғалар туралы да, олардың шығармаларына да орын берген. Осындай тұлғалардың бірі әрі бірегейі деп Мұқағали Мақатаевты алса, онымен қатар Кәкімбек Салықов, Нарша Қашағановты, Жан­дарбек Бұлғақовты да көңіл төріне төркіндеткен. Бәрінен де өз әкесі Қазыбай ақын Бижановтың, анасы Рәкүл Шәкіртқызының аяулы бейнелерін талғам таразысына түсіріп, ата-ананың қадірі туралы толғанысын қалам ұшына байлапты. Халық ақыны атанған әкесінің өлең-толғауларын кітабына арқау етіпті.
Шынымды айтсам, Қожекең туралы біле­тінімізден білмейтініміз көп екен. Оның марфлотта теңізші болғанын, колхоз басқарып, ауылдық кеңеске төраға болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді екен. Ұлын өсіріп – ұяға, қызын өсіріп – қияға қондырып, өзі Құлан өңірі ақсақалдарына көсем болып отырған баталы абыздың батасын алуға үлкен де, кіші де құмар-ақ. Ендеше, бата жиған Бижановтың бағы жансын.

Жақсылардың айтқан қанатты сөздерінің там-тұмдап болса да жарыққа шығып жатқаны қандай жақсы. Қожайхан Қазыбайұлы әкесі сияқты партия, кеңес қызметінде көп жылдар бойы еңбек етіп, қалың елдің қақ ортасында, аузы дуалы ақсақалдардың аталы әрі баталы сөздерін жинап, онысын алқалы жиындарда жатқа айтып, жамағаттың жадына сабақты инеге сыналап құятын парасат иесі.

Сейсен Қожеке.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.

Суретте: «Баталар жинағы» кітабының авторы, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Бижанов Қожайхан Қазыбайұлы.

Поделиться ссылкой: