Ауданда алғаш рет «QULAN MEDIA» ақпараттық орталығы ашылды

216 Views

Облысымыздағы аудандардың ішінде алғаш рет Т.Рысқұлов ауданында ақпараттық медиа орталық ашылды. 2023 жылдың соңына қарай жұмысын бастаған – «Құлан медиа» ақпарат орталығы бүгінге дейін ауданның айтулы жаңалықтарын жеткізіп, сапалы сюжеттер түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы дүйім жұртқа жариялап та үлгерді. Ал, орталықтың директоры Тәуелсіздіктің құрдасы Жәнібек Базылбеков. Орталықтың жұмысы жөнінде және жас басшының басқа да тақырыптардағы ойын білмек ниетпен сұхбаттасқан едік. – Облыс аудандарының ішінде алғашқы болып ақ­параттық орталық ашқан құландық журналистердің жұмыс тәжірибесінен ха­бардар болсақ дейміз, бұл жаңа жоба кімнің идея­сынан туындады?
– Бұл сұраққа жауап беру үшін өткенге аздап оймен шегініс жасаған жөн болар. 2017 жылдың қарашасында ұстаздық қызметтен ауысып, аудандық «Құлан таңы» газетіне тілшілік қызметке орналастым. Сол кездегі редакторымыз Тұрсынхан Жаманбаев жұмысқа бірден қабылдап, Сейсен Қожеке, Мереке Айнақұлов, Марат Диханбаев, Салтанат Қарасай сынды журналистермен әріптес болдым. Сондай-ақ, газеттің шығармашылық тобында Талғат Досбембетов есімді ағамыз бар еді. Тікелей қызметі – фототілшілік. Дегенмен, жұмыстан бос кезінде ағамыз құттықтау, еске алу форматында тапсырысқа сәйкес 10-15 минуттық бейнероликтер түсіретін. Шынын айту керек, ағамыз монтаж жасаудың нағыз шебері болатын. Сол кісіге қосылып, көп дүниені үй­рен­дім десем де болады. Әсіресе, бейне­роликтерге сценарий жазуды, кадр сыртындағы мәтінді оқуға да машық­тан­дым. Әттең, еңбекқор әрі ізденімпаз Талғат ағамыз 2020 жылдың ақпанында мез­гілсіз қайтыс болып, арамыздан ерте кетті. Айтайын дегенім, Тәкең жұмыс барысында «Жәнібек, бізді қашанға дейін жүреді дейсің?! Мына тірлікті мықтап үйреніп ал! Келешекте өзіңе керек болады» дейтін. Балалығымыз ба, әлде жастығымыздан болар, ағамыздың осы сөзіне дәл сол сәтте аса мән бермеппін. Тек кейін ғана сол істі мәдениет саласында видеооператор болып жұмыс істеп жүрген Нұрлан Жорабеков есімді бауырымызбен жалғастырғанда ғана маңыздылығын түсіндім. Мойындауым керек, Тәкеңнің сол кездегі маған берген ақыл-кеңесі, бағыт-бағдары алтынмен пара-пар. Уақыт сырғып өте берді. Бір күні «Неге осы аудан жаңалықтарын тек қана газетпен емес, бейнесюжет арқылы әлеу­меттік желіде таратпасқа…» деген ой келді. Әлеуметтік желіде парақша аштым. Газетке салынған ақпаратты, біздің аудан аумағында түсірілген сюжеттерді пост ретінде сала бастадым. Парақша оқырмандары бұл бастамамды бірден жылы қабылдады. Жұмыс осылайша жалғаса берді. Бір күні мені басшымыз Мұратбек Өмірзақов шақырып, аудан әкімі Ернар Есіркеповтің қабылдауында болғанын, онда медиа кеңістікті кеңейту, ауданда ақпарат саласын дамыту бойынша тың бастамалар қажеттігі жайында сөз болғанын айтып, аудан басшысы мені кездесуге шақырып жатқандығын жеткізді. Бірден Ернар Серікәліұлына барып, жобаны таныстырдым. Көңі­лі­нен шықты. Өз ұсыныстарын да айтып, жауапты басшыларға мекеме құру жұмыстарына кірісуді тапсырды. Дегенмен, алғашында ақпараттық орта­лықты құру оңай болған жоқ. Бұл жұмыстар тек араға жарты жыл са­лып, аудандық ішкі саясат бөліміне Рүстем Қырықбаевтың келуімен ғана қайта жанданып, аудан әкімі Ернар Есіркепов­тің тікелей қолдауымен қа­ра­ша айының соңында толықтай іске қосылды.
– Жаңа жобаның басты мақсаты қандай, негізгі міндеті не?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты Тұжырымдамасында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру – біздің басты міндетіміз. Яғни, жергілікті атқарушы орган мен аудан тұрғындары арасында «алтын көпірге» айналып, қос тарап арасында барынша жақын байланыс орнату – орталықтың негізгі міндеті. Медиа орталық екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – қолдау желілері арқылы тұрғындардың өтінішін қабылдап, тиісті мекемелерге жіберіп, орындалуын бақылау болса, екіншіден – дәйекті әрі керекті ақпаратты халыққа жеткізу.
– Орталық ашылғалы бері қанша түсірілім қан­дай тақырыптарда өрбіді?
– Орталық мамандары бір ай ішінде түрлі бағытта 40-тан астам хабар таратты. Оның ішінде күнделікті жаңалықтардан бөлек «Ойталқы», «На­зардағы нысан», «Жансарай» сынды бағ­дарламаларымыз жарыққа шықты. Әсіресе, оқырмандарымыздың басым бө­лігі «Ойталқы» бағдарламасын жылы қабылдады. Өйткені, ондағы бас­ты кейіпкерлер – өздері. Сонымен қа­тар, жақында ғана жарыққа шыққан «Жансарай» бағдарламасы да көптің көңілінен шыққан секілді. Оны оқыр­ман­дарымыздың кері байла­нысынан анық аңғардық. Алғашқы қонағымыз болған аудандық ардагерлер Ке­ңе­сінің төрағасы Қожайхан Бижанов­тың тәрбие, ұлттық құндылық жайында айтылған орамды ойлары әлеуметтік желіде кең таралуда.
– Түсірілімдер қан­дай медиа каналда жария­ла­на­ды?
– Біздің орталықтың жұмысы Instagram, Facebook және YouTube әлеуметтік желілерге салынады. Бұл қазір хабар таратудың ең тиімді әдісі болып тұр. Бір ғана мысал келтірейін. Жуырда ғана бір оқырманымыз парақ­шамызға жазды. Қазіргі таңда Оңтүстік Корея елінде жұмыс істеп жүргенін айтып, ауылдағы ахуалды біздің орталық арқылы біліп отыр­ғанын жеткізді. Міне, біздің көздеген мақсаттарымыздың бірі осы болатын. Алдағы уақытта осымен ғана шектел­мей, желілердің санын ұлғайту ойымыз­да бар.
– Ал, медиа орталықтың не­гізгі табысы қайдан тү­седі? Жарнамалық қызмет қарастырылған ба?
– Жоқ. Бізде жарнамалық қыз­мет қарастырылмаған. Себебі, мемле­кеттік коммуналдық мекеме болып құрыл­ған­дықтан, Жарғымызда жарнамаға шектеу қойылған. Дегенмен, аудан әкімді­гінің қолдауымен жұмыс істеп келеміз. Барлық қажетті құралдармен қамтылды. Жігерлене қызмет етуге еш кедергі жоқ.
– Бүгінде бұл орталықта қан­ша және қандай маман­дар қызмет етеді?
– Мекемеде басшыдан бөлек, оның орынбасары, мобилограф, қолдау желісінің маманы, есепші, тілшілер және видеооператор сынды мамандар қызмет атқарады. Жалпы тоғыз штат бірлігі бар.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алға қойып отырған жоспарымыз өте көп. Бағдарламалар санын ұлғай­тамыз. Жақын күндері «Әкім мен әлеумет», «Шын мен сын», «Кейіпкер», «Кәсіпкер», «Әкім сағаты», «Бір күн», «Керек дерек» сынды айдарларымызды тас­палап бастаймыз. Сондай-ақ, бри­финг алаңына жауапты мекеме мен бөлім басшыларын шақырып, атқа­рылып жатқан жұмыстарды аудан жұрт­шы­лығына толыққанды таныстыру бас­ты бағыттарымыздың бірі болмақ.
– Еліміздің ең қасиетті жеңісі – Тәуелсіздіктің құрдасысыз, сізді қандай ой толғандырады?
– Жалпы адам баласы өмірге кел­геннен кейін өзінің артында із қалдыру керек деп есептеймін. «Мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке не бере аламын» деген қарапайым қағиданы ұстанғаны абзал. Сонда ғана барша жұртқа пайдалы жобалар дүниеге келіп, ел дамуына серпін берері анық. Сондықтан да мен өз замандастарымды ерінбей еңбек етуге шақырамын. Ең бастысы – өз салаңыздың нағыз маманы болыңыз. Үздіксіз ой ізденісінде жүрсе, адам жетістікке жетеді.
Біздің бұл жобамыз 2020 жылы оймақтай ғана ойдан ғана туындап, бүгінде өз нәтижесін беріп, үлкен командаға айналып отыр. Бұл – бастамасы ғана. Алда әлі талай шың, биік белестер бар. Сондықтан, Абай атамыз айтқандай, әркім алдымен өзі мен еңбегіне сену керек. Армандар міндетті түрде орындалады.

Сондай-ақ, газеттің шығармашылық тобында Талғат Досбембетов есімді ағамыз бар еді. Тікелей қызметі – фототілшілік. Дегенмен, жұмыстан бос кезінде ағамыз құттықтау, еске алу форматында тапсырысқа сәйкес 10-15 минуттық бейнероликтер түсіретін. Шынын айту керек, ағамыз монтаж жасаудың нағыз шебері болатын. Сол кісіге қосылып, көп дүниені үйрендім десем де болады.

«Мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке не бере аламын» деген қарапайым қағиданы ұстанғаны абзал. Сонда ғана барша жұртқа пайдалы жобалар дүниеге келіп, ел дамуына серпін берері анық. Сондықтан да мен өз замандастарымды ерінбей еңбек етуге шақырамын.

 

Қамар Қарасаева.

Поделиться ссылкой: