2,5 миллион: Декреттік демалысқа шығатын аналарға берілетін жәрдемақы артқаны рас па?
2024 жыл жағымды жаңалықпен басталды. Ең алдымен төменгі жалақы мөлшері өсті. Соған сәйкес жылдағы өсім алып отыратын балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері де артты. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерден бөлек, биылдан бастап декреттік демалысқа шыққандарға 2,5 миллион теңгеге жуық жәрдемақы төленеді деген ақпарат желдей есіп жүр. Мұны естіген әйелдер қауымының қуанышында шек жоқ. Осыған байланысты «Бұл қаржы қай уақыттан бастап беріледі? Барлық әйелдерге бірдей төлене ме? Жылдың басынан бастап шықса да ала ма?» деген сауалдардың туындауы анық.
Қазақта «Бір бала өмірге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген ұғым бар. Ырзық пен несібені Тәңірден тілеген халықтың заман көшімен бірге көзқарасы мен пайымы өзгеріп келеді. Елімізде әрбір өмірге келген балаға ата-анадан бұрын мемлекет жауапты. Себебі, ол бала сол мемлекеттің мүшесі. Сондықтан олардың туғаннан бастап қолайлы жағдайда өмір сүруі үшін бар шығынды Үкімет өз мойнына алады. Жүктілік кезінде елдің мүддесі жолында еңбек еткен аналарға декреттік төлем бар. Жүкті әйелдің құрсағындағы балаға 7 ай толғанда жұмыс беруші тарап болашақ ананы декреттік демалысқа жіберуі заңмен көзделген.
Сол демалыстағы уақытында мемлекет тарапынан әйелге босанғанға дейінгі жәрдемақы төленеді. Мақаланың басында атап көрсеткендей, биылғы жылы аталған төлем мөлшерінің 2,5 миллионды құрағаны туралы ақпарат тарап, әйелдерді бір қуантып тастады. Бірақ бұған қатысты көкейде сұрақтар да жоқ емес.
Жүктілігіне байланысты уақытша еңбекке жарамсыз болып табылған әйелдерге, бала туған әйелдерге, жаңа туған баланы асырап алған әйелге жүктілікке және босануға байланысты демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беріледі.
Осыған сәйкес, жұмыс істейтін әйелдерге бір рет әлеуметтік төлем төленеді. Ол орташа айлық табыс мөлшері әлеуметтік аударымдар бойынша нақты жұмыс істеген мерзіміне қарамастан демалысқа шыққанға дейінгі 12 ай ішіндегі әлеуметтік аударымдар бойынша анықталады. Әлеуметтік төлем мөлшерін білу үшін соңғы жылдағы орташа айлық табыс мөлшерін жұмысқа қабілетсіздік күндер санының тиісті коэффициентіне көбейтіп есептейді. Мысалы, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнтізбелік күнге берілсе, онда коэффициент 126/30=4,2 тең болады. Тағы бір ескеретін мәселе, әйел жүктілігіне байланысты демалысқа шығамын дегенше бірнеше жерде жұмыс істеген болса, соған сай әлеуметтік аударымдар түссе онда барлығы қосылып есептелінеді. Дәлірек айтсақ, декреттік демалысқа шыққан әйелдің алатын жәрдемақысы табысына сай есептелініп шығарылды. Кез келген әйелге 2,5 миллион теңге беріледі деген жаңсақ пікір. Өйткені есептеу коэффициенті 4,2-ден өскен жоқ. Айталық, 200 мың жалақы алатын әйел жүктілігіне байланысты еңбекке жарамсыз деп танылса, мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері 2 миллионнан асуы мүмкін емес дейді. Үстіміздегі жылдан бастап бала туылғаннан кейін берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері артты. Ол барлық аналарға бірдей төленеді. 4 балаға дейін – 140 296 теңге. Ал, отбасында төрт және одан да көп бала болса, 232 596 теңге мөлшерінде жәрдемақы тағайындалады. Тиісінше бала күтіміне байланысты 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақы мөлшері де биыл көбейіп отыр. Нақтырақ айтсақ, бірінші балаға 21 266 теңге, екінші балаға 25 143 теңге, үшінші балаға 28983 теңге, төртінші және одан да көп балаға 32 859 теңге шамасындағы жәрдемақы беріледі. Бұл жалпыға бірдей мөлшері. Егер әйел жұмыс істейтін болса, ай сайынғы жәрдемақысы да артықтау төленеді. Көпбалалы отбасылар әркез мемлекеттің қолдауына ие. Елімізде 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан жәрдемақы төленеді. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері де артып отыр.
Төрт баласы барлар 59 183 теңге, бес балалы отбасы 73 988 теңге, алты балаға 88 793 теңге, жеті баласы барларға 103 598 теңге, сегіз баласы бар отбасыға 118 144 теңге, тоғыз баласы барларға 132 912 теңге, он баласы бар отбасыларға 147 680 теңге төленіп отыр. Сондай-ақ, мемлекет көп баланы өмірге әкелген аналарға да құрметпен қарап, оларды назардан тыс қалдырмай келеді. Алты баласы бар аналар «Күміс алқа», жеті балалы ана «Алтын алқа» иегері атанса, одан да көп ұрпақты өмірге әкеліп, өсіріп жеткізген анаға «Батыр ана», «І, ІІ дәрежелі Ана даңқы» ордені табысталады. Бұлардың мөлшерлі жәрдемақысы бар. Биыл мұнда да өсім байқалады. «Алтын алқа», «Батыр ана», «І, ІІ дәрежелі Ана даңқы» орден иегерлері 27 321 теңге алса, Күмістен алқа таққандар 23 629 теңгеден алып отыр. Осылайша жылдан-жылға еліміздегі оң өзгерістерге байланысты аналар мен балалардың күтімі үшін берілетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері де нарыққа сай өсім алып отыр. Биылғы жылы ең төменгі жалақы 85 мыңға көбейді. Осыған байланысты алдағы уақытта декреттік демалысқа шығатын аналардың айлығының өсім алуы себебімен алатын жәрдемақысы да өсуі мүмкін. Бірақ әлгіндей миллиондар алу үшін жалақы да әжептәуір болуы керек екендігін жете түсінген абзал.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ.