Облыстық форум өтті

78 Views

Жақында Дүниежүзілік сайлау күніне орай Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» және Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Әділетті Қазақстанның жас белсенді сайлаушылары» атты облыстық жастар форумы өтті.
Аталған форумға саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараны Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, 2005 жылғы 14-17 қыркүйекте Венгрияның Шиофок қаласында сайлау ұйымдарының Дүниежүзілік конференциясы «25 мемлекеттен тұратын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығы» бастамасымен өткендігі және оның шешімімен ақпанның бірінші бейсенбісі «Дүниежүзілік сайлау күні» болып белгіленгендігі туралы айтып өтті.
Осылайша, елімізде жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде аталған мерекеге орай іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Серғали Өмірзақұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде енгізілген саяси реформалар туралы, оның ішінде сайлау жүйесіне енген өзгерістер мен жаңалықтар туралы да түсініктеме берді.
Сонымен қатар Жамбыл, Сарысу аудандық мәслихаттарының жас депутаттары Ж.Тоқсаба мен Б.Балғабай сөз алып жыл өткен сайын ұлттың болашағына бей-жай қарамайтын, жауапкершілікті сезінетін жастардың саны артқандығы, саяси науқандарға бар ынтасымен қатысып, өздерінің конституциялық құқығын дұрыс пайдаланатын жас сайлаушылардың көбейіп келе жатқандығы туралы пікірлерімен бөлісті.
Шара соңында сайлау науқандарында қоғамның демократиялық дамуына жоғары белсенділік танытқан бірқатар азаматтар Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының алғыс хатымен марапатталды.
Дүниежүзілік сайлау күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар дәстүрлі түрде облысымыздың барлық аудандары мен Тараз қаласында жалғасын табатын болады.

Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы.

Поделиться ссылкой: