Қара өлеңнің Кербұғысы

182 Views

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні ақпан айының тоғызыншы жұлдызы. Ақынның поэзиясымен мектеп табалдырығынан таныспыз. Өлеңдерін жатқа айтып, сүйіп тыңдаудан жалыққан емеспіз. Тек мен ғана емес, кез келген адамнан сұрасаңыз, Мұқаңның есімін
біледі. Мұқағали Мақатаев өз есте­ліктерінің бірінде: «Иә, мен әдебиетті жақсы көремін. Мен үшін одан биік ештеңе жоқ» деп шығармашылықты сүйетінін жазып қалдырған. Ақын көп еңбек етті, биіктерге ұм­тылды. Әлем классиктерінен азық алып, талантын біліммен ұштады. Ол қара өлеңді жаңғыртып, қазақты толғандырды. «Пайда ойламай, арды ойлады». Өзінің ақындық күшін ұлы мақсаттарға жұмсады. «Ақынның ақындығы атақ та емес, ақынның ақындығы арда ғана» деп өзі айтқандай, көрікті жырдың көшін бастап, қаламына адал болды. Оны ешқашан ұмытпай, еске алудың мәнісі осында жатыр. Сыршыл да, мұңға толы өлеңдері арқылы поэзия дейтін ұлы құдіретті бізге аманат етіп қалдырды. Бір өкініштісі, Мұқаң небәрі 45 жыл ғана өмір сүрді.
Рас, ақын өмірі қиыншылыққа толы болды. Оны құдіретті поэзиясының өзі сездіріп тұр. Ол өзінің ақындық қуатын пайдаланып, мансап қуып кетпеді. Ақиқаттың кешігіп келетінін сезсе де, өлең жазудан баз кешпеді. Қасым Аманжоловша айтқанда, «күніне он ойланып, жүз толғанды». Поэзиямен серттесіп, оған бар жан тәнімен берілді. Әділетті таразының уақыт екеніне сеніп, оны мыспен теңестірмеді. «Әдебиетті ардың ісіне» балаған алыптардың ең­бегін зая кетірмеді. Тағы да сол «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда» деп өз өлеңінде айтқандай, кешегі семсер тілді Махамбеттердің жалғасы болып тарихта қалды. Осылайша, Мұқағали Мақатаев ұмытылмас ұлы тұлға ретінде, өзінің жүрек тебірентер өлеңдерімен мәңгі жадымызда сақталады.

Гүлнұр Ерқазықызы.

Поделиться ссылкой: