Тұрақтылықтың негізі – ауызбіршілік

157 Views

Сәрсенбі күні Президенттің №826-шы Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Ернар Есіркепов Ақниет ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Бұл аудан басшысының 2024 жылы бекітілген кестеге сәйкес кездесіп отырған алғашқы ауылдық округі.

Қайталап айтамыз, бұл биылғы жылы өтіп отырған алғашқы кездесу. Әйтпесе, аудан әкімі Ернар Есіркепов бұл ауылдық округтің тұрғындарымен сан мәрте көрісіп, кездесіп жүр. Осыдан 10 жыл бұрын Ақниет ауылдық округіне барғанымыз есімізде. Ол кезде аудан әкімінің есептік жиналыстары өтетін. Сол кездерде жергілікті тұрғындар ауыз судың, көгілдір отынның жоқтығын тілге тиек етіп, сауал қоятын. Қарап отырсаңыз, қазіргі күні сол проблеманың бәрі өз шешімін тапқан.
Ақниет ауылдық округінде газ бар. Округке қарасты Әбілқайыр елдімекенінің тұрғындары ауыз судан теперіш көріп отырғандарын талай рет айтқан да, жазған да. Аудан басшысының тікелей атсалысуымен биыл Әбілқайыр елдімекенінің тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізді. Бұдан бөлек те жолға қатысты мәселелер туындаған. Дегенмен, оның бәрі рет-ретімен өз шешімін тауып жатыр. Ауылдық округ тұрғындары №5 шағын орталықты орта мектебінде өткен кездесуде жедел жәрдем көлігіне қатысты сауал қойылды. Аудан басшысы аудандық орталық аурухананың басшылығына бұл мәселені де қарап, зерделеп, шешім қабылдауды тапсырды. Жалпы, ақниеттіктер Ернар Серікәліұлының атқарып жатқан жұмысына көңілдері толатынын жеткізіп, еңбегіне табыс тіледі.
Кеше дәл осындай кездесу Құмарық ауылдық округінде өтті. Құмарық ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде аудан әкімі Ернар Есіркепов ауданда атқарылған және алдағы жылы атқарылатын жұмыс жоспарларын айтты. Құмарық ауылдық округінің тұрғындары да аудан басшысының атқарып жатқан толайым тірліктеріне дән риза болды. Кездесуде электр жарығы, ауылішілік жолдарды асфальттау, жеке кәсіпкерлерге арналған қайтарымсыз грант, интернет желісіне қатысты бірқатар сауалдар қойылып, хаттамалық тапсырмаларға енгізілді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: