Жемқорлық – індет, жою – міндет
Бүгінде сыбайлас жемқорлық мәселесі бүкіл халықтың басты проблемасына айналды. Бір қуантарлығы, егер статистикаға жүгінсек, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, Қазақстан жемқорлықпен күрес жөнінен 92-ші орынға ие болды. Бұл дегеніміз, күрестің арқасында аталмыш проблеманың азайғандығы.
Осы тақырып жөнінде өткен дүйсенбіде келелі кездесу өтті. Кездесуге ілгерілікте аудан тізгінін ұстаған білікті де тәжірибелі азамат, бүгінгі таңда қоғамдық істерге белсене араласып, жастармен тікелей жұмыс жасап жүрген «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс Республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, студенттермен өткен кездесуде аудандық мәслихаттың депутаты Мұратжан Мейманханов, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры Олжас Мұсақұлов, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Ерболат Жәдік те қатысып, сыбайлас жемқорлық мәселесі төңірегінде өз ойларын ортаға салды.
Кездесуге арнайы келген Қасымхан Төлендиев әлемді жаулаған бұл дертпен жұмыла күресіп, зұлымдықты әрбір нақты жағдайда жеңуге болатынын, адам кез келген жағдайда өзінің қадір-қасиетін сақтап, сыбайлас әрекеттердің қай салада болмасын орын алмауына, онымен тұтастай ұлт болып күресудің қамқы әрекетін студенттерге айтып, түсіндірді.
Түйін: мақаланың басын жемқорлық турасындағы статистикалық көрсеткіштермен бастадық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге қатысты ойларын ашық айтып жүр. Сыбайлас жемқорлықты болдырмау әрбір адамның өзіне байланысты. Қазір «көке-жәке» деген ұстаныммен өмір сүретін заман емес. Қазақы мақалға салсақ, түбінде «Қаратаудай қараны, Алатаудай ақ жеңеді». Біз соған сенеміз. «Әділетті Қазақстан» дегеніміз осы емес пе?..
Гүлнұр Аманжол.