Ақылды қария – ағып жатқан дария

367 Views

Өткен жұмада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мазмұнды жиын өтті. Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ерғазы Еспеновтің төрағалығымен өткен жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев арнайы келіп, қатысты. Сондай-ақ, жиынға аудандық соттың төрағасы Айдарбек Замбаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, осы аталған кеңестердің төралқа мүшелері, ауыл әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов есепті баяндама жасады. Қожайхан Қазыбайұлы өзінің бағдарлы баяндамасында:
– Т.Рысқұлов аудандық ардагерлер ұйымы есебінде 56 бастауыш ұйым, ал мүшелер саны 7000-ға жуық зейнеткерлерді құрайды. Оның 42 бастауыш ұйымы ауылдық округтердегі елді мекендерде, ал 14 ұйым мекемелер мен мектептерде құрылған. 15 ауылдық округте 15 округтік ардагерлер кеңестері құрылған.
Жергілікті жерлерде мемлекеттік органдар, ұжымдар, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер тыл ардагерлеріне, мүгедектерге, әсіресе ауру сырқау, жалғыз басты, тұрмысы төмен зейнеткерлерге демеушілік көмек ретінде материалдық жәрдем беріп, қамқорлық көрсетіп отырады. Жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында Жастар ұйымымен бірлесе отырып, Ардагерлермен колледжде, мектептерде әртүрлі тақырыптарда тәрбиелік мәні бар бас қосулар болашақ ұрпақтың саналы, тәрбиелі болып өсуіне ардагерлердің ықпалын жасау мақсатында өткізілуде. Ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да аттан түспей, ел бірлігін нығайтуға, адамгершілік пен имани қасиеттерді насихаттауға, егемен еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуына өз үлестерін қоса беретін болады. Ардагерлердің әлеуметтік жағдайын қорғау жеңіл тіршілік емес. Ол үзбей жүргізілетін шегі жоқ үрдіс. Бұл адамгершілік қасиеттері – жанашырлық, қамқорлық, пара­саттылықты талап ететін іс. Ауру – сырқаулы, жалғыз басты қауқар­сыз қарт ардагерлердің жағдайын біліп тұру, оларға тиісті көмек ұйымдастыру, дүниеден озған, елге еңбегі сіңген ардагерлерді мәңгі есте сақтау шараларын жүзеге асыру, арамызда белсенді өмір сүріп жүрген ардагерлеріміздің мерейтойларын өткізуге атсалысу, қаза болғандарды соңғы сапарға шығарып салу, олардың отбасыларына материалдық және моральдық көмек ұйымдастыру т.б. толып жатқан қайырымды істердің басы қасында болу ардагерлер ұйымдарының дағдылы қызметіне айналып отыр. Аудандық ардагерлер ұйымында 29 Пленум мүшелері ,13 алқа мүшесі, 5 тұрақты комиссия, әкелер, аналар, билер кеңестері бар. Олар аудандық ардагерлер ұйымының қоғамдық өміріне белсене араласады. Ардагерлер ұйымымен аудан Әкімдігі тұрақты тығыз байланыста қызмет жасайды.
Ораза кезінде қарияларға аудан Әкімі тарапынан ауызашар беріледі. Жыл бойында бір мерекелік күн ардагерлердің қатысуынсыз өткізіл­мейді, – деді.
Аталмыш жиналыста аудандағы ардагерлер ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, ата-баба дәстүріміз бен салт-санамызды насихаттап, тілімізді, діні­мізді дамытып, жастарды имандылық пен ұлтжандылыққа тәрбиелеп қалып­тастыруда біршама жұмыстың жаса­лынып жатқандығы айтылды.
Одан кейін аудандық соттың төр­ағасы Айдарбек Замбаев медиация ісі төңірегінде сөз қозғады. Аудандық билер кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов те әлеуметтік жағдайлар, оның ішінде ажырасу, кредиттік жүйе, қылмыстық істер бойынша жұмыстардың барлығын медиация жолымен шешу керек деген ұсыныс-тілегін айтты. Осы атал­ған жұмыстардың басы-қасында арда­герлердің жүруін қалайтынын жеткізді.
Отырыс соңында облыстық арда­герлер Кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде аудандағы ардагерлер ұйымдарының атқарып жатқан жұмыстарына көңілінің тола­тынын жеткізіп, жыл қорытындысы бойынша Тұрар Рысқұлов аудандық ардагерлер Кеңесі облыста үздік атанып, қарттар бірлестіктері арасында бірінші орынға ие болғанын тілге тиек етті. Жиын соңында бірқатар ардагерлер Алғыс хаттармен марапатталды.

Гүлнұр Аманжол.

Поделиться ссылкой: