Байлық байлық емес, Бірлік байлық

175 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Жаңатұрмыс ауылдық округінің халқымен кездесті. Мемлекет басшысының №826-шы Жарлығына сәйкес өткен кездесу ауылдық округ әкімдігінің ғимаратында өтті. 

Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Жаңатұрмыс ауылдық округінің халқымен кездесті. Мемлекет басшысының №826-шы Жарлығына сәйкес өткен кездесу ауылдық округ әкімдігінің ғимаратында өтті.
Әлі күнге дейін есімізде. Осыдан 10 жыл бұрын Жаңатұрмыста газдан да, ауыз судан да проблема бар еді. Ауылға барсаң міндетті түрде осы сауалдар көтерілетін. Тіпті, жиын соңы дау-дамайға да ұласып жататынын көзіміз көрген. Қазір 2024 жыл. Шүкір, бағанағы біз жазған проблемалардың дені өз шешімін тапқан.
Айталық, осыдан бірер жыл бұрын Жаңатұрмысқа газ кіргізілді. Былтыр бұл ауылға сапалы ауыз суда келді. Яғни, жаңадан су іркуіш имараты салынып, ауылішілік көшелерге толықтай ауыз судың құбыры тартылды. 2022 жылы бұл ауылға жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілген болатын. Былтыр Жаңатұрмыста жаңа спорт кешені салына бастаған еді. Жоба осы жылға өтпелі. Рас, мәдениет үйінің жоқтығын айтып, ауыл тұрғындары ылғи мәселе көтеретін. Аудандық атқарушы билік тарапынан бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде ауылға жаңа мәдениет ошағы салынатын болды. Қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Шындығын айтуымыз керек, осындай келісті жағдай көп ауылдарда жоқ. Сондықтан осы жағдайлардың барлығын саналы түрде түсініп, елдік мүдде жолында бір-бірімізді қолдаған абзал. Қит етсе, дүрбелең салудың қажеті жоқ, біздіңше. Себебі, тегінде барлығы да өз ретімен шешімін табады.
Кездесуде аудан әкімі Ернар Серікәліұлы аудан бойынша атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстардың нәтижесін қағазға қарамай, нақты әрі дәйекті көрсеткіштерді мысалға ала отырып, айтып өтті. Жиында Жаңатұрмыс ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екендігі көтерілді. Ол бойынша да тиісті жауап қайтарылды. Алдағы уақытта бұл мәселе де өз шешімін табатын болады.
Кеше дәл осындай жиын Қарақыстақ ауылдық округінің орталығы болып есептелетін Каменка ауылында өтті. Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде де біраз мәселелер көтерілді. Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Қазақ, Жалпақсаз, Тасшолақ және Каменка ауылдарына да газ кіргізілген. Былтыр Қазақ ауылының тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізді. Енді «Қарақыстақтықтар округке жаңа спорт кешені салынса?..» – дейді. Аудан әкімі Ернар Есіркепов өз сөзінде қарға тамырлы қазақтың «Алтау ала болса, төбедегі кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналық сөзін мысал етіп, ауызбіршілік пен тұрақтылық болса, кез келген мәселе өз ретімен жыл сайын шешіле беретінін жеткізді.
РS: Расымен де солай. Бізге керегі – бірлік. Қазір бәле қуатын заман емес, керісінше, барлығын ақылға салып, ойлап, бір-бірімізді қолдайтын заман. Осыны «анау жоқ, мынау жоқ» деп елдің ішіне іріткі салатын кейбір «пысықайлар» жете түсінсе екен дейміз. Біздің айтарымыз осы.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: