Әке көрген оқ жонар
Пазыл Әбілдаұлы досым еді, оның әрбір істеген қоғамға пайдалы іс атқарғанына мән бере қараудың өзі мұсылмандық парыз. Өзі мәңгілік дүниеге кетсе де, оның кәсібінің жемісін қаншама адам көруде. Алысқа бармай-ақ, жақын жерде, қолжетімді базарда сауда жасап нәпақасын тауып журген адамдар көп. «Тау самалында» демалып, бала-шаға, немере-шөберелерін ертіп жүрулеріне де жағдай жасап қойған. Мұрагері – Данияр, әкесінің алтын қорын дамытып жүрген азамат. Орталық «Құлан» базарын, заманауи үлгідегі құрылыс материалдарымен жабдықтаған.
Базардың ішінде адам жүретін жолдар асфальтталынған. Әрбір сауда орындарын бөлек-бөлек бөлмелерге бөліп қалыптастырғаны маған қатты ұнады. Мен денсаулығыма байланысты біраз болды, базардың ішіне кірмей, сырттағы шаштаразға барып, қайтып кететінмін. Өткенде бір аңсарым ауып, базар ішіне кіріп, адасқаным бар. Басында кірген есікті таппай, адамдардан сұрап басқа есіктен шыққаным болды. Барлық қажеттіліктерімді жеткізіп, қарап отырған келін, бала-шағаларым бар. Алайда,өзіңнің көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап, базарды аралап, алған дүниеңе сүйсіне қарап жүргеніңнің өзі – бір демалу. Баяғы КСРО-кезінде Өзбекстанды көп жыл басқарған, бірінші хатшы Рашидовтың анасына келіп, бір кісі сұрақ қойыпты: «Балаңыз басшы, сіздің басқа не арманыңыз бар?» Сонда анасы айтқан екен: «Ей, қарағым-ай, балам базарда тұрып, бір рет сауда жасамады»-деген екен. Сол айтпақшы, базарды барып аралап, ананы-мынаны өз көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап алғанның өзі бір ғанибет қой, шіркін! Қазіргі базар ішін көріп, Даниярдың жасап жатқан дүниесіне көңілім толып, ризашылығым артты. Сен әкеңнің ісін жалғастырған нағыз Азамат екеніңді өз көзіммен көргеніме шүкір етемін! Ісіңді дамыта бер демекпін. Ұрпақтар жалғасын тапсын!
Мұратхан Стыбаев,
ауданның Құрметті азаматы.