Жайлауы оның сөгеті

159 Views

Байзақ датқаның Ақмолда есімді ұлы ғашық болған Мақпал сұлудың атымен аталады бұл тау. Сүйген жарына жете алмаған арыстан қалған «Мақпал-ау, Мақпал» әні әлі күнге дейін «Сөгеті сайында» сыңсып тұрғандай көрінеді маған. «Қайыңды сай» мен «Сөгеті сайдың» өр жағында жатқан жап-жазық жайлауды ел ықылымнан бері: «Ой, жайлау, Көл жайлау» деп атайды. Осынау үстірт үстінде жатқан жайлауға шынашақтай шал «Әбілдә жол салды» дегенге жаңабай жұрты сеніңкіремей жүрді. Кейін Қайыңды мекеніне көгілдір отын мен ауыз су келгенде де Әбекең зыр жүгіріп жүріп, ауданның шалғайында отырған ауылдастарын ұйымдастырып, әр үйге газ бен ауыз су әкелді. Ал, біз әңгіме­мізге арқау еткелі отырған алпысқа атын әлдеқашан байлаған азамат алты жүз қойымен осынау ен жайлаудан жайылым таппай отыр. Бірақ, Шубай осы өңірде отыз үш жылдан бері орманшы-егер.
Біз әлгінде сабақты инеге сабаудай қамшы «байлаған», жасы бүгінде тоқсанды еңсерген, кезінде мал дәрігері болған Әбілдә ақсақал туралы ноқтаға басы «сыймайтындай» әңгіме өрбіттік. Сондағы айтпағымыз: «шынашақтай шал істегенді соқталдай жігіт неге істей алмайды» деген уәж болатын. Өйткені Шубай табиғатынан момын, қоңыртөбел тірлікке көнбіс жігіт. Әйтпеген күнде жиырма үш жылдан бері бір гектар жайылымдық жерге қолын жеткізе алмай отыруын қалай түсіндіруге болады. Бір жылдары ағасы Тілеу шаруашылық тізгінін де қолына ұстады ғой. Бәлкім, содан шығар 25 гектар егістікке ие болғаны. Қалай десеңіз де Шубай Әбілұлы осы күнге дейін қоңыртөбел тірліктен әрі аса алмай келеді. Бүгінде оның бес ұл-қызы мен он бір немересі бар. Әлі сол Ақыртөбе лесхозында жұмыс істейді.
Иә, биылғы төл алу науқаны ойдағыдай өтті. Шубай мамандығы бойынша зоотехник, 1987 жылы Құландағы зоотехникалық-малдәрі­герлік техникумын бітірген. Малдың жайын жақсы біледі. Ең соңғы жолы кредит алғанда 30 тана, 20 жабағы қоса алған. Әйтеуір, алған несиесінен толық құтылды. Енді серіктестіктен тағы да қаражат алуға ниет білдіріп отыр. Өйткені, келешек жоспарлары көп. Оның үстіне балалары да ержетті. Қора-жай салып, мал шаруашылығымен мықтап айналысу ойында бар.

– Ең алғаш «Тойбек» шаруа қожа­лығын ашқанымда, – дейді Шубай Барлыбаев: Елу шақты уақ малым мен екі-үш ірі қара малым бар еді. «Шымырбайды» біраз қоныс еттім. Басыбайлы өз жерің болмаған соң қиын екен. Кейін осы Сөгеті мен Қайыңды сайына қоныс аудардым. Орманшы ағайындармен келісіп, жайылымдарын пайдалануға тура келді. Мұның заңсыз екенін білемін. Ал, сонда маған кім өз жерін бере салады. Енді әкімге өтініш жазып, жайылымдық жер сұраудан басқа амалым қалмады. Өйткені, «Құлан-Дәнге» құрылтайшы болғалы екі мәрте несие алдым. Малымның басы көбейіп, қой саны 600-ге жетті. Алғашында 3 млн., одан кейін 11 млн. несие алдым. Құдайға шүкір, қазір бір «МТЗ-80» тракторым, ауыл шаруашылығы техникасы мен 1 «Нива» және 1 «Уаз» машинам бар. Екі ұлым үйленген. Кіші ұлым Бахтияр қолымда, әлі үй бола қойған жоқ. Бекжан екеуі тракторды да жүргізеді, малға да өздері қарайды. Ол екеуіне Ұлдана келінім де көмектеседі. Осы көктемде мал төлдетуге бәрі де бір кісідей жұмылды. Көшеден Жәнібек Жадыраев пен Қойшыбай Шынәлиев деген азаматтар да келіп, сақпанды өткізіп берді, – дейді ол.


Сейсен ҚОЖЕКЕ.
Суретте: «Тойбек» шаруа қожалығының

жетек­шісі Шубай Әбілұлы Барлыбаев.

Поделиться ссылкой: