Шахмат – ақылдың азабы

152 Views

Жақында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» ұйымдастыруымен шахматтан ауданымызда облыстық турнир өтті. Аталған шара Құлан ауылындағы 100 жылдық тарихы бар білім ошағының бірегейі №1 мектеп-лицейінің базасында ұйымдастырылды. Байрақты бәсекеге әр ауданнан өзге Тараз қаласынан 9-11 сынып аралығындағы 36 спортшы қатысты. Чемпионаттың мақсаты – жастар арасында шахматты дәріптеу, жас ойыншылардың кәсіби деңгейін көтеру.
Шараға Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» басшысы Аманғали Жартыбаев, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» әдіскері Мақсат Бекежанов, аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова қатысты. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Аманғали Жартыбаев: «Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Ал, шахмат ойыны адамның логикалық ойлау қабілеттерін дамытады. Оқушылар ойын арқылы өмірден көптеген мәліметтер алып, білімін жетілдіреді. Қазақтың өрімдей ұл-қыздары Қазақстанның Көк Туын әлем аренасында желбіретіп жатса, одан асқан қуаныш бар ма? Осында жиналған жас шахматшылар арасынан болашақ әлем чемпиондары шығады деген сенімдемін», – деп атап өтті.Басқа да қатысқан қонақтар талабы таудай шахматшыларға сәттілік пен табыс тіледі.
Жалпы командалық есеп бойынша байрақты бәсекеде Меркі ауданы І орын, ОББ Білім инновациясы ІІ орын, Жуалы ауданы ІІІ орынды иеленді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль, грамота, кубок және тиісті дипломдармен марапатталды.

Арнат Маджит,
аудандық білім бөлімінің әдіскері.

Поделиться ссылкой: