Ғибратты ұмыр иелері

164 Views

Біздің қазақ ұғымында ежелден өмір-өзен деген пікір қалыптасқан. Иә, өмір ағып жатқан өзен сияқты. Ешбір тоқтаусыз өзінің ырғағымен аға береді. Өмір деген өзеннің бойында қилы-қилы тағдыр иелері, әр түрлі адамдар жүреді. Қамшының сабындай қысқа өмір. Өмір тәтті болғанымен өтетіні өкінішті. «Асқар таудың көлеңкесі алысқа түседі», «Адам өмірден өтеді, игі аты қалады» деген сөз бар. Сол көпшіліктің ішінде өмірдегі бақытын маңдай тер, адал еңбегімен, зор адамгершілігімен тапқан, бар саналы ғұмырын, білімін туған ауданымыздың көркейіп, өсіп-өркендеуіне, халқының әл-ауқатының жақсаруына елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі – Ілес Нұрдынұлы Бекебаев ағамыз бен аяулы жары Әсия Хасенова әкпейіміздің өмірден өткеніне бір жылдың жүзі болып қалыпты. Мен ауданымызға еңбегі сіңген Ілес ағамызды жақсы білетін адамдардың бірімін, тәрбиесін көріп, өмір мектебінен өттім.
Бекебаев Ілес ағамыз 1938 жылы 28 қаңтарда Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Луговой кентінде теміржолшы отбасында дүниеге келген. Әкесі Нұрдын атамыз қырық жылдан астам уақыт теміржол торабында жұмыс істеген. Анасы Дүрия апамыз да қарапайым жұмысшы болған. Ілес ағай 1956 жылы Луговой кентіндегі М.Горький атындағы орта мектепті біті­ріп, өмір жолын теміржолшы бо­лып бастайды.1957-1959 жылдары «Ақмола теміржол» техникумын бітіріп, Луговой кентінде станция кезекшісі, маневр диспетчері болып жұмыс істейді.1962-19964 жылдары Отан алдындағы борышын атқарып әскерде болды. 1964 – 1965 жылдары Луговой станциясы тораптық партия комитеті кабинетінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ілес ағаны ең алғаш осы жерде көрдім. Менің анамның інісі – Темірбеков Мұқан ағам, Луговой тораптық комсомол комитетінің хатшысы болатын. Ілес аға екеуі бір кабинетте отыратын. Ілес ағаны ең алғаш осылай таныдым. Ол кезде 5-6 сынып оқитын кезім еді. Ілес аға 1966-1970 жылдары Луговой аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болды. 1970-1974 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыды. 1973 жылы мен «Путь коммунизма» колхозында комсомол комитетінің секретары болған кезімде Алматы жоғары партия мектебі жанындағы бір айлық комсомол қызметкерлерінің оқу курсына оқуға келгенімде, Ілес ағаймен сәлемдесіп, бетпе-бет алғаш рет әңгімелестім. Ағай партия мектебінде күндізгі бөлімде оқитын. Сол алғашқы кездесуде маған комсомол жұмысы болашақ өмірімнің алғашқы сатысы, алғашқы баспалдағы екендігін тәптіштеп түсіндіріп, жина­лыстарға қалай дайындалып, қалай сөйлеу керектігін де айтып берген болатын.
Сол алғашқы кездесуде «жұмысыңды жақсы атқарсаң «келешекте сен де партия қызметкері боласың» деп еді. Иә, кейін солай болды да. Ілес Бекебаев ағайдың алғаш қабылдауында болып, жұмысқа кіріскенімде 24 жаста едім. 1977-1984 жылдары мен Ілес ағайдың қарамағында сегіз жыл аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болдым. Ілес ағайды өмірдегі қадірлі ұстазым деп санаймын. Ол кісі бізге атқарылатын жұмыстың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, үнемі тәлім-тәрбие беріп отырды. Ілес ағамыз 1974 жылы аудан­дық партия комитетінің шақыруымен Қорағаты қой совхозының партком хатшысы болып сайланды. 1975 – 1984 жылдары он жылдай Луговой аудандық партия комитетінің үгіт насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, жемісті еңбек етті. Ауданымызда идеологиялық жұмыстарды ойдағыдай іскерлікпен қамтамасыз етті. Ол кісі басқарған білім, денсаулық сақтау, БАҚ, спорт, мәдениет, сауда, халыққа қызмет көрсету салалары бұрын соңды болмаған жоғары көрсеткіштерге жетті. Аудан еңбеккерлері арасында саяси-қоғамдық, мәдени – көпшілік, үгіт-насихат, еңбекке, отансүйгіштікке тәрбиелеу жұмыстарын өте нәтижелі ұйымдастыра білді. Ауданның барлық колхоз-совхоздарында егін шаруашылығы мен мал шаруашылығында еңбеккерлер арасында мол өнім өндіріп жоғары көрсеткіштерге жету үшін жарыстарды тиімді ұйымдастырып отырды. Нәти­жесінде, аудан халқының тұрмыс жағ­дайлары, өмір сүру сапасы, әлеу­меттік жағдайлары анағұрлым жақ­сарып, ел дәулеті артты. Ауда­нымыздың сол кездегі аудан басшы­лары В.Г.Кравчук, Т.Байталиев, Н.И.Шол­тырова, Ә.Н.Кохаева, Т.Б.Мүсіра­лиев, С.С.Садықов және әріп­тестері Ілес Бекебаев ағамыздың ұйымдастырушылық, іскерлік қабі­лет­терін, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудегі белсенділігін жоғары баға­лап, құрмет көрсетті. 1984-1990 жыл­дары Луговой аудандық халықтық бақы­лау комитетінің төрағасы. 1990-1992 жылдары аудандық атқару комитетінің хатшысы, аппарат жетекшісі қызмет­терін, 1992-2000 жылдары аудан әкімі­нің бөлім меңгерушісі қызметтерін жоғары жауапкершілікпен атқарды. Ілес ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң да өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты.
Аудандық арда­герлер кеңесінің, аудандық би­лер кеңесінің мүшесі міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып ауданымызда салт-дәстүрімізді сақтап, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға өз үлесін қосты. Ұзақ жылдар бойы мемле­кеттік қызмет атқарған кезінде, ауданымыздың өркендеп өсуіне зор үлес қосқан бір топ азаматтарға мемлекеттік қызметтің қыр-сырын түсіндіріп, ақыл кеңестерін берген рухани ұстаз болды. Атап айтқанда, олар: Әшіркүл Кохаева, Болат Серікбаев, Жигули Дайрабаев, Манарбек Тлепов, Машат Байғабылова, Махан Қосы­баев, Асқар Бектембаев, Жексенбі Маткері­мов, Алихан Жолшыбеков, Тохабай Тастанбеков, Тоқан Биекеев,Тілеужан Сыздықова, Болат Әжіханов, Серікәлі Қаратышқанов, Рысхан Орекеев, Сайдын Көлбаев, Сәуле Егізбаева, Ертай Досмедетов, Александр Учаев, Әмірқасым Нұрмахамбетов және басқалар. Ілес Бекебаев ағамыздың еңбек­тері елеусіз қалған жоқ. Халық депу­тат­тары аудандық советінің 4-ші, 5-ші, 6-шы, 7-ші шақырылымдарының депу­таты, аудандық партия комитетінің Пленум, бюро мүшесі болып сай­ланды. Әр түрлі салада нәтижелі еңбек етіп, Тұрар Рысқұлов ауданының әлеумет­тік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегін бағалап, Тұрар Рысқұлов ауданының «Құрметті азаматы», Жамбыл облысының «Құрметті ардагері» атақтары беріл­ген. «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен «Қазақстан республикалық ардагер­лер ұйымына – 30 жыл», «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мере­келік медальдарымен, Қазақ ССР Халық­тық бақылау комитетінің Құрмет грамотасымен, облыстық, аудан­дық Құрмет грамоталарымен, облыс­тық «Білім» қоғамының Құрмет грамо­таларымен марапатталды. Өмірдегі ұстазым Ілес Бекебаев жайлы бұдан да көп айтуға болады.
Мен 1977 жылы Бекебаев ағайдың алғаш қабылдауында болып, жұмысқа кіріскенімде 24 жаста едім деп жоғарыда айттым. Содан бері қырық бес жылдан астам уақыт аға-іні, ұстаз-шәкірт болып отбасымыз араласып ғұмыр сүрдік. Ілес ағамыздың шаңы­рағында талай рет болып, Әсия әкпейдің дастарханынан дәм таттық. Ілес ағай өмірлік серігі Әсия әкпей екеуі жарасымды жұбайлық өмір сүрді. Өмірдің қуанышы мен қиыншылығын бірге көтере білді. Екі ұл сүйіп, олар­дан немере-шөберелер көрді. Әсия әкпей қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық қызмет атқарып, жүздеген шәкірттерге сапалы білім берді. Ана тілімізді ұлықтауға қажыр-қайратын аямай жұмсап, ана тіліміздің құдіретін шәкірттерінің бойы­­на сіңіре білді. Өзінің кабинетін де өте бай кітапхана жасады. Зейнетке шыққан кезінде осы кітапхананы мек­теп­ке естелікке қалдырды. «Орнында бар оңалар» деп бабаларымыз тегін айтпаса керек. Ілес ағай мен Әсия әкпейдің тәлім-тәрбиесін алып, ата-анасының игі істерін жалғастырушы ұлы Темірбек пен келіні Аидаға және ұрпақтарына жаратушы иеміз нұрын төгіп, бақытқа бөлесін дейміз… Ілес ағай мен Әсия әкпейдің адамгершілігі мен кісілігі біздің есімізде әрдайым сақталып қалады.

Серік Өтегенов,
Қазақстан халқы Ассамблеясының Т.Рысқұлов ауданы бойынша ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: