Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян

127 Views

Жақында Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ел болып оқимыз» жобасы аясында кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Жыл құстары», «Гәкку», «Назерке», «Нәзік нақыш», «Асылдың сынықтары», «Арман гүлі» атты кітаптарының авторы Шырын Мамасерікованың шығарма­шылығына арналған «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты кездесу кеші өткізілді. Кешке ақын Шырынның өзі арнайы келіп қатысты. Кеш қонақтарының қатарында аудан әкімінің орынбасары Әлібек Мамытжанұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов және Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ақжол» газетінің бас редакторы, ақын Есаман Хамит Ерболатұлы да болды.
Кездесу барысында ақынның «Елге деген махаббат» деп аталатын жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Кездесу кеші өте әсерге толы болды. Көрер­мендерге ақын апамыздың өмір және өнер жолын баяндайтын бейнебаян көрсетіліп, кітапхананың тұрақты оқыр­мандары ақынның жыр-шумақтарын оқыды. Іс-шара барысында Шырын Мамасерікова өзінің туып өскен жері, алғаш жазған туындылары жайлы айтып, шынайы ізгі тілегін білдіріп, залдағы барша көрермендерге батасын берді. Оқырмандарымыз ардақты ақынның өлеңдерінен үзінді оқып, әсем әуендерін арнады. Сахнада ақынның өмір және өнер жолынан алынған сахналық қойылым көрерменге жол тартты. Кітапхана қызметкерлерінің орындауында ақынның сөзіне жазылған Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Еліктей ерке қыз», Лесбек Амановтың «Айтшы жаным» әндері шырқалды. Аудандық атқарушы билік тарапынан да ақынға сый-сияпат көрсетілді.
«Поэзия» деген тылсым дүние ғой, шіркін! Адамды ерекше күйге бөлеп, шынайы демалтады. Кешке біз де қатысып, сондай ерекше сезімді сезіндік. Жүрегіміз тебіреніп, санамыз тазарды. Осындай әдеби кештер көбірек өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болары анық.
Ақынның мына бір өлең жолдарын оқи отырыңыздар:
Жалған десе дүние жалған екен,
Адам Ата, Нұқтан да қалған екен.
Таусылғанда дәм-тұзы Мұхаммед те,
Жер бесікке жамбасын салған екен.
Көрінеміз өлместей тірі кезде,
Денің сау да, мансабың ірі кезде.
Бірақ, бірақ Тәңірден жарлық жетсе,
Үзіледі тіршілік жыры лезде.
Атақты хан, қолбасшы, батырлар да,
Таңдайынан бал тамған ақындар да.
Мойынсұнып Аллаға бағынады,
Қақпасына ажалдың жақындарда.
Ұрпағыңа мәуелі бақ қалар ма,
Әлде өртеніп орманың тапталар ма?
Көзін жұмар өкініш уын жұтып,
Қайта келмес сапарға аттанарда…

Гүлнұр Аманжол.

Поделиться ссылкой: