Құлан – Қорағаты, Құлан – Ақыртөбе бағыты іске қосылды
«Уәде – Құдай сөзі» дейді біздің қазақ. Амал не, кей жағдайда бұл сөздің астарында ауыр мазмұн жатқанын түсіне бермейміз. Дегенмен, осы сөзді түп санасымен түсінетін азаматтар бар. Соның бірі – аудан әкімі Ернар Есіркепов.
Шүкір, ауданымыздың көркі жылдан жылға жаңарып, дамып келеді. Ол әрине, қажырлы еңбектің арқасы. Мақаламыздың сөз басын әлгіндей сөзбен бастаған екенбіз, енді соның мазмұнына тоқталайық.
Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы көптеген тірліктер атқаруда. Ол көзге де көрініп тұр. Егер көріп, көкірекке түйетін адам болса… Біз енді көргенімізді айтайық.
Мәселен, Құлан – Жалпақсаз, Құлан – Қорағаты, Құлан – Ақыртөбе бағытына қоғамдық көлік жүргізу мәселесі көптен бері айтылып жүрген. Оны аталған ауылдарға кездесуге бара қалсақ, міндетті түрде еститінбіз. Былтыр білесіздер, Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің сайлауы өткен болатын. Сол сайлауда кандидаттардың сайлауалды бағдарламалары газетімізде жарық көрген еді. Аудан әкімі Ернар Серікәліұлының сайлауалды бағдарламасында осы мәселені шешу жолдары қарастырылған болатын. Мінеки, әуелгі сөзді қайта жазсақ еш сөкеттігі бола қоймас. Аудан басшысы айтқан уәдесінде тұрып, Құлан – Жалпақсаз, Құлан – Қорағаты, Құлан – Ақыртөбе бағытына қоғамдық көлікті жүргізіп отыр. Құлан – Жалпақсаз бағытындағы автобустың қатынап жүргеніне біраз болды. Ал, өткен жұмада Құлан – Қорағаты, Құлан – Ақыртөбе бағыты іске қосылды. Бұл іске Қорағаты және Ақыртөбе ауылдарының халқы дән риза. Айталық, ақыртөбеліктер осыған дейін аудан орталығына таксимен 1000 теңгемен қатынап келетін. Енді олар Құланға автобус арқылы 300 теңгемен қатынайтын болады. Қорағатылықтар да Құланға таксимен 500 теңгемен қатынап келетін. Енді бұл ауылдың тұрғындары да аудан орталығына 300 теңгемен қатынайды.
Өткен жұмада Құлан – Қорағаты, Құлан – Ақыртөбе бағытындағы қоғамдық көліктің іске қосылған сәтін өз көзімізбен көрдік. Аталған ауылдардан ақсақалдар да келген екен. Олар да аудан әкімінің іскерлігіне шын пейілдерімен қуанып отыр. Осындайда дана Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзі еске түседі. Осы сәтте біз аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановтан бірауыз лебіз сұраған едік. Ол өз сөзін бата арқылы жеткізді. Жазайық. Зер салыңыз.
Билікте жүрген азаматтарға,
Атқарған әрбір істерің.
Оң болсын деп тілеймін.
Байлық, бақыт, береке,
Мол болсын деп тілеймін.
Осы тұрған қауымға,
Жол болсын деп тілеймін.
Ауданымызда үнемі,
Той болсын деп тілеймін.
Марат ДИханбай.