Әлі бізде алар асу көп, Бәріміз де біргеміз!

168 Views

Өткен аптада 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қазақ халқына – мың алғыс» деген тақырыпта салтанатты шара өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, сөз сөйледі. Аудан басшысы өз сөзінде:
– Қадірлі жерлестер! Баршаңызды келіп жеткен көктемнің алғашқы шуақты мерекесі 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мерейлі мейрам – өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі.
Қазақ жұрты тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналды. Бүгінде киелі Құлан мекенінен 20-дан астам ұлыс өкілдерінің өздері де, ұрпақтары да пана тауып, өсіп-өніп, ауданымыздың дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Осы сәтті пайдалана отырып, құрылған күнінен бастап ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының аяқтан тұруына өлшеусіз қызмет етіп, қоғамдық өмірде белсенді, еңбекте жемісті, еліне елеулі бола білген, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүрген абыз ақсақалдарды, ақжаулық әжелерді ел басына күн туған сәттерде қоғамдық ахуалды реттеу шараларында және жалпы ауданның тыныс тіршілігіне уақыт еркімен санаспай әлі де ел игілігі үшін қызмет атқарып жүргенін атап өтіп, алғысымды білдіремін!
Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Кең пейілді қазақ халқы қашанда әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел болары анық.
Көңілді жадырататын жақсылық істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын. Сіздерді елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған айтулы мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Мереке құтты болсын, – деді. Содан соң бірқатар саладағы азаматтар мен азаматшалар Алғыс хатпен марапатталды. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Концертте квинтет «Алғыс», «Эльбрус» фольклорлық ансамблінің әншісі Алинұр Асылбеков «Зовут меня в Балкарию», «Асыл әжелер» ансамблі «Ауылым», «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі «Туған жер» әндерін орындаса, Ақбұлақ орта мектебінің ұстаздары «Якут», «Әдемі-ау» халықтық би ансамблі «Ұйғыр», неміс этно-мәдени орталығы «Фин», «Эльбрус» фольклорлық ансамблі «Түз тепсеу» билерін биледі. Концерт соңы Ибрагим Ескендірдің «Біз біргеміз» әнімен қорытындыланды. Бұл патриоттық әнді Өнер мектебінің ұжымы хормен шырқады. Осы әнді тыңдағанда денеміз шымырлап сала берді. Әннің әсерлі болғаны соншама, залда отырған көпшілік өнерпаздардың құрметіне тік тұрып қол соқты. Осы сәтте өзімізді құдды бір Италиядағы «Ла Скала» театрында отырғандай күй кештік…

М. Диханбай.

Поделиться ссылкой: