РАМАЗАН – берекеге толы ай

159 Views

Жаратқанға сансыз шүкіршіліктер болсын. Рамазан айы да арамызға келіп жетті. Бұл ай несімен ерекшеленеді? Бұл ай – Құран түскен ай. Алла Тағала бұл айдағы әрбір игіліктерді өз берекесімен түсірген. Кезекті мақаламызда жалпы береке деген нәрсе жайында азды-көпті білгенімізді қағаз бетіне түсіргенді жөн санадық. Береке сөзі араб тілінен аударғанда «Алланың мархаметі» дегенді білдіреді.
Береке сөзінің мағынасына терең үңіліп қарайтын болсақ, жақсылықтардың көбеюі, өсіп-өнуі дегенді білдіреді. Береке уақытқа түссе ол ұзартылады, дене мүшелерімізге түссе саулық табады, перзенттерімізге түссе олардың салихалы болғаны болып саналады. Адам баласы бұл әлемнің берекесін пайдалануы үшін шынайы имани сенімде болуы ләзім. Өйткені, Құранда: «Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, сақсынса еді, әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік» дейді. Жоғарыдағы аяттан түсінгеніміздей, адам баласына аспан мен жердің берекесі түсуі үшін бір ғана шартты белгілерін байқаймыз. Бұл дегеніміз, пенденің иманды да салиқалы болуын бекітуде. Қазір кейбір адамдардың берекемен істері болмай қалғандай сезіледі. Мысалы, уақыт берекесін алайық. Заман ақырда жылдар айлар секілді, айлар апталар секілді, апталар күндер секілді қысқа болып қалады делінеді. Ғылымның дамыған дәуірінде өмір сүріп жатсақ та көп нәрселерге үлгермей, біраз шаруаларымыздың шешілмей жатқандығын аңғарамыз. Кіммен кездесіп қалсақ та, уақыттың берекесі жоғалғандығына наразы екендіктеріне шағымданып жатады. Неге бұлай? Біріншіден әр нәрсе, сол заман өз орнында. Екіншіден, бұрынғылардың жағдайларына назар салатын болсақ, олар біздерге қарағанда уақыттарын үнемдірек пайдаланғанын көреміз. Сол үшін де атақты ғұлама Мәулана Руми «Ризықтарымыз кең, өміріміздің берекелі болуын қалайтын болсақ, уақыттың қадіріне жете білейік» деген екен.
Иса пайғамбардың ғ.с.Құранда Мәриям сүресінің 31-ші аятында: «Алла Тағала мені қай жерде болсам да берекелі қылды» деп айтқан сөздері бар. Кейде жоғарыдағы осы аятты оқыған кезде әлдебір ойлар туындайды. Біз қандай жолдар арқылы берекелі адамдар қатарында бола аламыз? Береке тек Алланың тарапынан болады. Иса пайғамбар сол үшін де Алладан сұраған. Тағы бір мысал, Әнәс сахабаның р.ғ. анасы оны (Әнәсті) Пайғамбарымыздың с.ғ.с. алдына апарып: «Уа Расулуллаһ, бұл Әнәс енді сіздің қызметіңізде болады, оның хақына дұға жасаңыз!» деген кезде, Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Аллаһым, оның перзенттерін және мал-дүниесін көбейткейсің! Берген нығметтеріңде оған береке бергейсің!» деп дұға жасаған.
Жалпы Пайғамбарымыз с.ғ.с. адамдарға дұға, жақсылықтар тілеп жүруді көбірек әдетке айналдырған. Мысалы, қандай да бір жұп үйле­ніп жатса, оларға арнайы барып, құттықтап: «Алла сендерге жақсы­лық­тар берсін, араларыңа мол жақсы­лық­тар төгіліп, береке берсін» дейтін еді. Жомарт жандардың жасаған қайы­рым­дылықтарының үстерінен түсіп қалса да: «Аллаһым бұлардың ризық­тарына береке бер, күнәларын кешіріп, рақы­мыңа бөлегейсің» деп талай айтқан разы­лық сөздерін сира кітаптары рас­тай­ды.
Береке деген не? Береке деген – сон­дай бір нығмет, ол арқылы адам бас­қалар жасай алмайтын істерді жасай ал­ғаны болып саналады. Нақты айтсақ, бас­қаларда жоқ мүмкіндіктерге қол жет­кізеді. Мысалы, кейбір адамдар он сағаттап ұйықтаса да, құдды еш ұйықтамағандай мең-зең халде оя­нады. Ал енді басқа біреулер төрт-бес сағат қана ұйықтаса, миының едәуір тынық­қанын сезініп оянады. Таң уа­қыты ең берекелі уақыттар қатарына жатады. Бұл жайында Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Уа, Аллаһым! Үмбетімнің таң­да­рын берекелі ет», деп дұға жасаған кез­дері де көп болған екен.
Құранда мына бір аятта береке жа­йында: «Біз саған түсірген Құран бере­келі» деп баяндалады. Демек, жүре­гіңізге Құран аяттарының қайсысы орнық­қан болса, сіздің ішкі дүниеңіз де әркез берекелі. Ал, егер білген Құраныңызға аз да болса амал ететін болса­ңыз, онда бүкіл өміріңіз берекеге толы болары сөзсіз. Сондай-ақ, кейбір ғұла­малар: «Үйлеріңізде Құранды көбі­рек оқыңыздар, үйлеріңізге Құран­ның берекесі жауып, періштелер құтхана­ла­рыңызды қоршап алады, әрі ол үй­дің адамдарының Алла алдында дәре­же­лері көтеріледі» деген екен.
Бір ізгі тақуа адам айтқан екен: «Перзент­теріміз үшін қылатын дұға­лар­дың ең жақсысы «Аллаһым, мені тірі кезімде де, өмірден озған кезімде де осылардың берекесіне жолық­тырғайсың!».
Сөз соңында айтарымыз, ризық не­сібе әрқашанда санмен емес, бере­кесімен құнды. Берекелі айда сауапты істерден құр қалмайық ағайын!
Жаратушымыз қасиетті Рамазан айында жасап жатқан амалдарыңызға береке берсін.

Үмбет Сабырханов,
Әл-Хақ мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: