Мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың мұң-мұқтажын тыңдады

108 Views

Елімізде көптеген қоғамдық бірлестіктер бар. Олардың дені қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып, елдік мүдде жолында «Барды бар, жоқты жоқ» деп айтып та жатады. «Ақжүніс» аналар қоғамдық бірлестігі де ел арасында қызу талқыға түскен тақырыптарға бей-жай қарамай, өздерінің миссияларын да білдіріп жатады.

«Ақжүніс» аналар қоғамдық бірлестігінің Тұрар Рысқұлов ауданында да филиалы құрылған. Аталмыш қоғамдық бірлестіктің Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша филиалының төрайымы – Жанат Даулеталиева. Жанат ханымды талай іс-шараларда көріп жүрміз. Әрқашан тура сөйлеп, әділін айтады. Ол әркез мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың құқығын қорғап, шыр-пыр болып жүреді.
Жанат Даулеталиева аудан әкімі Ернар Есіркеповке мүгедек бала асырап отырған ата-аналармен кездесу жөнінде ұсыныс айтқан екен. Ол ұсынысты аудан басшысы да қолдады. Жай ғана қолдап қойған жоқ, кеше «Достық» үйінде мүгедек бала асырап отырған ата-аналармен кездесті.
Кездесу біржақты өткен жоқ. Аса бір мадақтау да айтылған жоқ. Көбінесе мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың мұң-мұқтажы тыңдалып, соған сай әрекет ету жоспары сараланды.
Мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың аудандық орталық аурухана дәрігерлеріне өкпелері қара қазандай.
Екі сағатқа созылған кездесуде аудан әкімі Ернар Серікәліұлы мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, оларға тұшымды жауаптар қайтарды. Аудан басшысы аудандық аурухана дәрігерлеріне айтылған сын-ескертпелер сол арада қалып қалмай, басшылық оны біліп, назарға алып, тиісті шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Дәл осындай кездесу форматын алдағы уақытта аудандық деңгейде де ұйымдастыру мәселесі айтылды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: