Салған әндері тамсантпай қоймайтын «Сударушка»

116 Views

Любовь Левицкая жетекшілік ететін орыс этно-мәдени бірлестігі аудандық деңгейде өтетін іс-шаралардың көбісінде өнер көрсетеді. Соның ішінде «Сударушка» халықтық ансамблі де бар. Бұл ансамбльдің мүшелері сөзі жұтаң анау-мынау әндерді айтпайды. Көбінесе, сөздік құрылымы күрделі есті әндерді шырқайды. Оның ішінде қазақ композиторларының сазға толы әуезді әндері де кездеседі. 

Өткен сенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Сударушка» халықтық ансамблінің есептік концерті өтті. Айта кетейік, бұл ансамбльдің дәл осындай концерті жыл сайын өтеді. Және ол концерттің ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болады. Өйткені, талап күшті. Концертте шырқалатын репертуарлық әндерге де басымдық беріледі. Осы қыруар тірліктің басы-қасында Левицкая Любовь Павловнаның өзі жүреді. Нағыз өнерге деген жанашырлық осы емес пе?
Ансамбльдің есептік концертіне аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевтың өзі қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде «Сударушка» халықтық ансамблі аудандық деңгейдегі қоғамдық іс-шаралардың барлығына белсене атсалысып, бейбітшілік пен тұрақтылықты насихаттауда зор еңбек сіңіріп жатқанын тілге тиек етті. Одан кейін бірқатар ансамбль мүшелерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Айдархан да орыс этно-мәдени бірлестігінің жас жеткіншектеріне алғыс хаттар табыс етті.
Содан кейін концерттік бағдарламаға арнайы әзірленген есті әндер ансамбль мүшелерінің орындауында шырқалды. Сенбі күніне қарамастан, залға халық көптеп келді. Концерт біткен соң көрермендердің жайдары көңіл-күймен тарқасып бара жатқанын көзіміз көрді. Өнердің құндылығы да сол емес пе?

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: