Сананы жаулаған – “Синтетика”

131 Views

Әлемде де, елімізде де есірткі тұты­на­тын адам саны мен есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар саны да өршіп, оларды тарату жолдары түрленіп барады.
Барлығына мәлім, кеңінен таныс гашиш (анаша), каннабис (марихуана), каннабис шайыры, героин т.б. Есірткі заттарынан бөлек синтетикалық есірткі дейтін қоғамдық дерт кеңінен белең алды.
Елімізде «синтетикалық есірткі» дейтін ұғым осыдан жеті-сегіз жыл бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келді. Уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастады. Кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз», «экстази», «индейка» деген түрлі лақап атаумен тараған синтетикалық заттар тез жаулап алды.
Сонымен қатар, қазіргі таң­да мет­катинон (эфедрон), пирро­лиди­нова­леро­фе­нон (альфа –PVP), мефедрон сияқты құра­мын болжау өте қиынға соғатын есірт­кі заттары мен есірткі тектестер қоғам­ға қауіп төндіріп тұрғандығы анық.
Статистикаға сәйкес, 2023 жылы облысы­мызда есірткіге байланысты 591 құқық бұзушылық тіркеліп, құқық қорғау орган­дарымен 6 тонна 928 грамм есірткі заттары, психотроптық немесе улы заттар, прекурсорлар алынған. Олардың ішінде ең жиі кездесетін синтетикалық және жартылай синтетикалық есірткі заттары – Меткатинон (Эфедрон) (Metcathynone) – 34 кг 227 грамм, Пирро­лидиновалерофенон (альфа-PVP) – 0,7 грамм, 2-(пирролидин-1-ил)–1–фенилпентан – 1– он (α-пирролидиновалерофенон, α-PVP) – 457 грамм, 2 – (метиламино) – 1 – (3,4 – метилендиоксифенил) пропан – 1 – он (bk – MDMA, Метилон) – 790 грамм тәркіленген.
Синтетикалық есірткінің ерекшелігі – бұл дерт адам психологиясына санау­лы секундта өте қатты әсер етеді. Ұй­қысы бұзылып, депрессияға ұшырап қана қоймай, үнемі белгілі бір дене қимылдарын қайталай береді.
Кәдімгі шегетін немесе егетін та­ныс есірткімен салыстырғанда «син­тети­каның» тартқызар зардабы ауыр. «Не исі, не дәмі біліне бермейтін синте­ти­калық заттар ақылдан айырып, ағзаны ірітіп жібереді», – дейді нарколог дәрігерлер.
Ең сорақысы – бұл дерттің қарма­ғына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатады.
Бәлкім, санасы қалыптаспаған, ақылы кемелденбеген жастарды көп­теген қалалардың көпқабатты үйлерінің қабырғаларында және т.б. қоғамдық орындардағы граффити стилімен, түрлі-түсті аэрозоль бояуларымен жа­зылған жазулар мен хэштегтер қызық­тыратын да болар. Ал, есесіне есірткісіз тұра алмайтындар, былайша айтқанда, «тәжірибелі тұтынушылар» бұл жасырын жарнаманың – есірткіге қол жеткізу каналы екенін жақсы біледі.
Әрине, қазір әлеуметтік желісіз өмірі­мізді елестету мүмкін емес. Деген­мен, әлемжелінің заңмен тыйым салынған есірткі заттарының жасырын жарнамасын жасап, кеңінен таратуға таптырмас мүмкіндік жасап отырғанын ескерейік.
Сондықтан үйінде жасөспірім тәрбиелеп отырған ата-аналар, бала­ларының әлемжеліні қолдануын назарға алып, сүзгіден өткізіп, балаларының көңіл-күй ауытқушылықтарына мән беріп, әңгімелесу арқылы есірткінің зияндығын түсіндіргендері жөн.
Есірткінің таралуын алдын алу – көптеген қылмыстардың алдын алу, ұлтымыздың денсаулығын қорғау, болашақ ұрпағымыздың генофондын сақтау деп түсінгеніміз абзал.
Сондықтан қазір синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам болып, бірлесе қарсы тұрып, немқұрайлылық танытпағанымыз жөн.
Ең қарапайым дегені, жоғарыда айтылған жасырын жарнамаларды жазып жатқан адамдарды немесе есірткі тұтынып отырған, қандай да бір орында ақылға қонымсыз қимылдар жасаған адамдарды көрсеңіздер – азаматтық ұстанымдарыңызды басшылыққа алып, бей-жай қарамай, тиісті органдарға хабарлағандарыңыз жөн.

Арманай Сеитбекова,
ҚР БП құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің прокуроры.

Поделиться ссылкой: